432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында қант қызылшасын өсіретін шаруалар ақшаларын ала алмай жүр

  • 506
  • UPD: 09:13, 31.01.2020

Жамбыл облысында қант қызылшасын өсіретін шаруалар ақшаларын әлі күнге дейін ала алмай жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті Меркі қант зауыты 177 шаруа қожалығына 1 миллиард теңгеден астам қарыз. Келісімшарт бойынша бұл қаражат 90 күн ішінде төленуі тиіс. Алайда қазірдің өзінде 50-ден астам диқанның ақша алатын мерзімі белгіленген уақыттан асып кеткен. Енді шаруалар «қаржыны тура көктемгі дала жұмыстары басталатын тұста тағы да ала алмайтын болдық», деп алаңдап отыр.

Жамбылда қант қызылшасын өсірумен айналысатын шаруалар жылда осындай кедергіге тап болады. Күзде ала жаздай күтіп, баптап өсірген өнімдерін Меркі қант зауытына өткізеді. Ал ақша алуға келгенде түрлі проблемалармен қаржыларын ала алмайды. Қазір зауыт диқандарға бір тиын да төлемепті. Ашуға булыққан шаруалар зауыт маңына жиналып, өздеріне тиесілі ақшаны талап етті.

Совет Қалманбетов, Меркі аудандық фермерлер одағының төрағасы:

Директор кейін дейді. Қазір ақша түседі дейді. Жақында болады дейді. Енді екі айдан кейін қайтадан қылшаны егу керек қой. Соған қайтадан келісімшартқа отыру керек. Әлі бір келісімшартқа ешкім отырған жоқ. Бұл қалай? Енді міне, қаңтар бітті. Наурыз, сәуір айларында қылшаны егу керек. Неғұрлым қылшаны ертерек ексең, соғұрлым жақсы өнім аласың.

Темірхан Қожағұлов, шаруа:

- Келісілген келісімшартымыздың уақыты бітті. Біздің бала-шағасыз бар. Несиелеріміз бар. Лизингке алған техникамыз бар. Қарыздарымызды төлеу қажет болып жатыр. Олар біздің сотқа беруге дейін барып жатыр.

Шаруалар «зауыт басшысымен кездесіп, сөйлесу қиынның қиыны», деп отыр. Мән-жайды білу үшін зауыт басшылығына бізде телефон арқылы хабарласып көрдік. Нәтижесіз болған соң облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жүгініп, себебін білдік.

Берік Нығмашев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Бүгінгі күнге барлық қант зауыты бүкіл қант қызылшасын өңдеп, қазір 15 қаңтардан бастап консервацияда тұр. Сататын ең бірінші нарық жоқ. Зауыт енді төмен бағада сата алмайды ғой. Өздері өндірген өнімнен төмен бағада. Сондықтан сатуға қиыншылық болды.

Қазір шаруа қожалығының иелері Меркі қант зауытының берешегін күтіп шаршаған. Айтуларынша, қарыздарын жуық арада төлемесе, кәсіпорынды қоршауға алмақ.

Берік Нығмашев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Егер де 90 күнде төленбейтін болса, қант зауыты әрбір күніне 0,1% күнделікті жарнасын төлеп отырады. Үш күн бұрынғы келіссөздерде бүгін тағы да соны дәлелдеді. 6 ақпаннан бастап тауар өндірушілерге бере бастаймыз. Облыс әкімінен бастап бұл мәселе қадағалуында. Ол уақытында төленеді деп зауыт кепілдік беріп отыр. Егер де болмайтын болса, біз өз тарапымыздан шараларды қабылдаймыз.

Айта кету керек, шаруалар өткен жылы да дәл осындай кедергіге тап болған. Зауыт қаржыны дер кезінде төлемеуінің кесірінен аймақта балтамыр алқабының көлемі жоспарланған 9 мың гектардан, 6 мың гектарға дейін азайып кеткен еді. Әбден тығырыққа тірелген шаруалар биыл да екі ойлы болып отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы