377,04 415,79 5,92

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да биыл түскен қар көлемі нормадан төмен

  • 95
  • UPD: 09:14, 31.01.2020

Батыс Қазақстан облысында биыл түскен ақ ұлпаның көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 есеге аз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, қалыпты норма 7 миллиметр десек, қаңтар айында жауған қардың қалыңдығы небары 5 миллиметр. Синоптиктер «алдағы ақпан айында да жауын-шашын аз болады», деп болжап отыр. Күн жылы, аязды күндер әзірге бола қойған жоқ. Дегенмен, қамсыз отыру қаншалықты дұрыс? Құтқару қызметіндегілер ықтимал қауіп-қатердің алдын алуға әзір ме? Қардың аз түсуі аграрлық салаға қалай әсер етпек?

Күн райын бақылайтын метеостанция мамандары бір сәтке де тыным таппайды. Қардың қалыңдығын, қала берді топырақтағы ылғал мөлшерін өлшейтін түрлі аспаптың өз міндеті бар. Ауа температурасының деңгейі де үнемі бақылауда.

Динара Оспанова, инженер- синоптик:

- Алдағы күндерде облысымыздың ауа райына атлантикалық циклонның жылы фронттары әсер етеді. Сондықтан кей жерлерде жауын-шашын жауып, тұман, көктайғақ, бұрқасын күтіледі. Жел оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ауысып, соғады. Күші 9-14, кей жерлердегі екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Ауа температурасы түнде 2-7, күндіз 0-5 градус аязды көрсетеді.

Ақылбек Ахметжанов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- 2019 жылы бізде қар өте көп болатын. Осы қазірге қарғанда 3-4 есе қар көп болған. Бірақ көктемде сол қардың бәрі тоңның аз болуына байланысты көктемде ерігенде жердің астына сіңіп, өткен жазда бізде су тапшылығы болды. Өзендерде судың деңгейі өте төмен болды. Енді биылғы болжам бойынша да қардың мөлшері нормада ғана болатын болса, енді қар көп түсіп жатқан жоқ, көктемде әрине, ол ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізеді.

Облыстың оңтүстік аудандарына қар өте аз түскен. Сол себепті биыл қыс бойы мал далада жайылып, жем-шөпке біраз үнем болғаны рас. Негізінен ата кәсіпті өрістетіп отырған оңтүстік аудандарда қардың қалыңдығы небәрі 6 сантиметр. Ал, астықты алқаптары мол солтүстік аудандарда 15-25 см аралығында. Қардың аз түсуінен жазда кейбір су қоймаларының құрғап қалу қаупі жоқ емес. «Дегенмен, шаруашылықтардың тіршілік нәрінен тарықпауы үшін тиісті шаралар алынады», - дейді сала мамандары.

Қуанышқали Есімов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Бәрібір Жайықтан тасқынды су келеді. Әртүрлі суландыру жүйелері арқылы өз тоғандарымызды толтыармыз деп ойлдаймыз. Сонымен қатар республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп жатыр. Ол деген Еділ суын біздің оңтүстік аудандарының су қоймаларын толтыруға мүмкіндік береді. 107 текше метр жоспарланып отыр.

Қыс бойы елді мекендер аумағынан 100 мың текше метрдей қар шығарылған. Көрші облыстардағы жағдайға байланысты 4 рет республикалық маңыздағы жолдарды жабуға тура келді. Ақ ұлпа аз түсті деп қамсыз отыруға негіз жоқ. Алда әлі ақпан айы бар. Тасқын қаупі туындаса, бұл іске мыңға тарта техника мен екі жарым мыңдай адам жұмылдырылмақ. Жалпы бұл мақсатқа бюджеттен 777 миллион теңге қаржы қарастырылыпты.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Метеостанция құрылғыларының көрсетуіне сүйенсек, дәл қазір Оралда небары -1 градус екен. Ал, ауаның ылғалдылығы 79%. Бұл қалыпты жағдай, дегенмен, қыс мінезі құбылмалы. «Сондықтан әркез ауа райы болжамына зер салып жүрген дұрыс», дейді мамандар.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы