418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда 11 мектептің асханасы электрондық төлем жүйесіне көшті

  • 182
  • UPD: 14:51, 31.01.2020

Орал қаласындағы 11 мектепте «электронды асхана» жобасы енгізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді білім ордасында тамақтанған бүлдіршіндер қолма-қол ақшамен емес, төлем картасымен есептеседі. Ол үшін арнайы терминалдар орнатылған. Бұл арқылы оқушылар тағам мәзіріне таңдау жасап, қалағандарына тапсырыс бере алады. Жаңа жүйенің игілігін 12 мың оқушы көріп отыр. Олардың жартысына төлем карталары тегін таратылыпты. «Қоғамдық тамақтану кәсіпорындарының қауымдастығы» жүзеге асырған жобаның арқасында ата-аналар да балаларының әр күн сайын қанша қаржы жұмсағанын, қандай тамақ ішкенін бақылап, біле алады. Тың тәсілдің бюджет қаржысының үнемді жұмсалуына да пайдасы бар көрінеді. Өйткені оқушылардың сабаққа келмеген не ауқаттанбаған күндері анық көрініп тұрмақ.

Лаура Шелеуова, №34 мектептің асхана меңгерушісі:

- Терминалға ата-анасы салып кеткен ақшаға келіп, карточкамен бізде буфет өнімімен, ыстық тамақпен мею әзір тұр. Сол бойынша тамақ алады. Бізге тиімді. Уақытымызды жоғалтпаймыз, оқушылар да уақытын жоғалтпайды. Мына картаны соққанда, балансы шығып тұрады, балаға айтып отырамыз. «Сенде осындай ақша қалды, осындай алдың, осындай қалды деп, мамаңа айтып бар» деп.

Николай Королев, жобаны жасақтаушы:

- Ата-аналар баласына күн сайын шылдырлатып тиын-тебен беріп тұрмас үшін айына 5-10 мың теңге картаға лақтырса болады. Әрі күніне белгіленген сомаға лимит қоя алады. Сонда бала одан артық ақшаны жоя алмайды. Осы арқылы балалардың арасында бір-бірінен ақша сұрау немесе ұрлау фактілерінің де алдын алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы