412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ-тағы қазақ диаспорасы Абай оқуларын өткізді

  • 490
  • UPD: 17:31, 31.01.2020

Мұхиттың арғы жағында жатқан Америкада да Абай сөздері естіледі. Вашингтондағы қазақ диаспорасы үлы ақынымыздың 175 жылдығына арналған әдеби кештер өткізіп жатыр. Туған жерінен алшақта жүргенімен, отандастарымыз өз дәстүрлері мен мәдениетін ұмытқан емес.

Вашингтондағы қазақ диаспорасының өкілдері әдеби кештерді барынша қызықты өткізеді. Осындай әрбір кездесу келушілерді шабыттандырып, отанымен байланысын нығайта түседі. Жерлестеріміз Қазақстаннан әкелген Абай шығармаларының жинақтарын мұқият сақтайды. Олардың пікірінше, Абайдың Қара сөздері бала тәрбиелеу, адамгершілік және өнегелікке үйретеді. 

Мадина Тоқтар, Вашингтон қаласының тұрғыны:

- Адам баласының ең жаманы - талапсызы. Талап қылушылар да неше түрлі болады. Оның ішінде адам баласы көбінесе басына қадір іздеп, сол талапта болады. Біреу мал қуып жатыр. Сараңдықпен, арамдықпен, әйтеуір мал тапсам, «Мал тапқан ердің жазығы жоқ» дейтұғын, «Малдының беті жарық» дейтұғын мақалға сеніп, халықтың түріне қарай, ит те болса, малдыны сөге алмайды деп, бұл мал һәм пайда, һәм қасиет болады бойыма дейді. 

Абай мұрасы өскелең ұрпаққа бағыт-бағдар болғаны белгілі. Бұл Америка жастары үшін де өзекті. 

Зарина Әлім, Вашингтон қаласының тұрғыны:

- Менің ойымша, қазіргі кезде балаларға қатысты айтылған сөздері өте өзекті. Абайдың 25-сөзі: Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық ғана, түркі танырлық ғана таза оқыса болады. Мал тапса, қарын тояды. Онан соң білім түгіл өнер керек екен. Соны үйренейін не балама үйретейін деп ойы жақсарады. 

Ерқанат Тасыбаев пен Розлана Алтынбек Қазақстанның мектеп бағдарламасындағы Абай өлеңдерін оқыған. Айтуларынша, ұлы ағартушының өсиеті жас ұрпаққа әрқашанда қажет. Және «бұл отандастарымыздың қай елде жүргеніне байланысты емес» дейді олар.      

Розлана Алтынбек, Вашингтон қаласының тұрғыны:

- Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, соқыр мылқау танымас тірі жанды. Үсті-басы ақ қырау түсі суық, басқан жері сықырлап келіп қалды. 

Ерқанат Тасыбаев, Вашингтон қаласының тұрғыны:

- Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң, арқалан. Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар, қалан! 

Осылайша Абайдың 175 жылдығына байланысты жалпыұлттық мерекеміз АҚШ-та да бастау алды. Енді алдағы уақытта қазақстандықтармен қатар америкалықтардың қатысуымен түрлі шаралар өтетін болады.

Авторлары: Майра Әбдірахманова, Ренат Садыров

Хабар 24 телеарнасы