435,54 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің оңтүстігінде коронавирус жұқтыру дерегі тіркелмеген

  • 293
  • UPD: 22:56, 31.01.2020

Ел оңтүстігінде коронавирусты жұқтыру деректері тіркелмеді. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ. Сондықтан Қызылорда мен Шымкент қалаларында жұқпалы дерттен қорғану шаралары пысықталды.

Оқу-жаттығудың құрылымына сәйкес Алматыдан Қызылордаға бет алған ұшақтағы жолаушыдан коронавирус белгілері байқалған. Хабар түскен бойда әуежай диспетчері дереу медициналық емдеу мекемелері мен жауапты органдарды жұмылдыруға кіріседі. Ұшақ қона салысымен бортқа бірінші кірген консультативтік топ науқастың жағдайын бағамдап, онымен қарым-қатынаста болған адамдарды анықтады. Ал арнайы капсуламен оқшауланған науқас дереу жұқпалы аурулар ауруханасына жөнелтілді. Ұшақта болған барлық жолаушылар санитарлық тексерістен өткізілді. Осы секілді оқыс жағдайда құтқарушы мамандар жүйелі әрі тиімді әрекет етуі үшін оқу-жаттығудың маңызы өте зор екен.

Зәуре Сансызбаева, Қызылорда бөлімшелік көліктегі ТМКҚСҚБ басқармасының бөлім басшысы:

- Оқу-жаттығуда салалық ұйымдардың бірлігі көрінді. Медициналық қызметкерлер мен мамандар 1-типтегі обаға қарсы костюмдер кию арқылы қорғанады. Бетперде, қолғап және арнайы киімді тек бір рет қолданады. Негізгі сақтық шаралары шекара бекеттерінде жүргізіледі. Бізде халықаралық рейс жоқ және біз Қытаймен шектеспейміз. Сондықтан барлық күш елдің кіреберісіне жұмылдырылған. Мәселен, біз бірнеше маман жібердік.  

Шымкент қаласында да коронавирусты инфекция тіркелмеген. Эпидахуал қалалық әкімдіктің, денсаулық сақтау басқармасы мен санитарлық қауіпсіздікті бақылау департаментінің бақылауында. Сала мамандары халықтың шоғыры басым әуежай мен теміржол вокзалында жұқпалы індетке қарсы оқу-жаттығу жиынын өткізді. Әуелі мамандар «коронавирусын жұқтырғандарды» пойыздан қарсы алып, арнайы бокстарда стационарлық және қол тепловизорларымен тексеру жүргізді. Мұндай оқу-жаттығулар коронавирусты дер кезінде анықтауға және оның таралуының алдын алуға бағытталған дейді бақылаушы дәрігерлерлер. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, инфекция ауа-тамшы жолы арқылы жұғады. Қазір барлық шетелден келіп жатқан азаматтарды қаладағы медициналық ұйымдар бақылауға алған. 

Ғалымжан Әбішов, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін БД басшысының орынбасары:

- Жоғары респиратуралық вирусты инфекция бойынша тіркеліп жатқан науқастардың саны шекті өзінің көрсеткішінен асып жатқан жоқ. Сонымен қатар алдын алу шаралары да жүргізіліп жатыр. Оның ішінде оқу-жаттығу жұмыстары да. Егерде науқастардың саны артқан жағдайда күдікті жағдай тіркелген кезде қосымша төсек орындардың ашылуы денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қарастырылған. 

Бүгінде Қытай азаматтарының және сол мемлекетте сапарда болған қазақстандықтардың тізімі жасалды. Мамандар аспан асты елінен келгендердің күніне 2 мәрте дене қызуы өлшеніп, 2 апта медициналық бақылауда жүретінін мәлімдеді.

Авторы: Қамбар Бекенов

Хабар 24 телеарнасы