448,01 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысындағы қар басқан ауылдардың ахуалы қалай

  • 175
  • UPD: 08:39, 01.02.2020

Павлодарда апта бойы соққан боран мен толассыз жауған қар ауылдарға кіретін жолдарды бітеп тастады.

Омбы қардан жаяу адам түгілі көлік те жүре алмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Май ауданына қар биыл жылдағыдан үш есе көп түсті. Осының салдарынан жолдар жабылып, көлік қозғалысы қиындап кетті. Шағын ауылдардың қарын аршуға ауыр техника тартылған.

Жанар Қумашева, Малайсары ауылдық округінің әкімі:

– Кіші ауылдарды тазалап жатырмыз. Міне, бүгін таңертеңнен бастап Жаңасарай ауылының кіре беріс жолдарын тазаладық. Енді қазір Ақсарайды тазалап жатыр. Одан кейін Малайсары ауылына көшеміз. Бүкіл жолдарды тазалап береміз.

Малайсары ауылы да қар қоршауында қалған. Жылымық ауа райынан соң күн күрт суытты. Үйдің бойымен бірдей болған ақ ұлпаны шығару қиындық тудырып тұр. Ауылдық округтің әкімі жергілікті шаруа қожалықтарынан көмек сұрауға мәжбүр болғанын айтады. Бірақ олардың жағдайы көңіл көншітпейді. Ауданда дизель отыны тапшы. Бүгінгі таңда бар салмақ жол қызметіне түсіп тұр. Республикалық маңызы бар жолдар ашық. Жұмыс үздіксіз жүріп жатыр.

Заңғар Дарабаев, жолға қызмет көрсету телімінің басшысы:

– Біраз қиыншылықтар болды. Бірақ жұмыс істеуге әзірміз. Техникалар 100 пайыз дайын. Камаздар бар, құм шашатындар бар, тракторлар, бәрі жүріп тұр. Жұмысты атқарып жатырмыз, тазалық бәрін күндіз түні атқарып жатырмыз.

Қалың қар басқан аудан орталығы да ретке келтірілу үстінде. Бүгінгі күнге дейін ақ ұлпаның 400 тоннасы шығарылыпты. Өңірде мұндай ауа райы осыдан 4 жыл бұрын болған екен.

Асқар Шақарғалиев, Май ауданы экономиканың нақты секторы бөлімінің жетекшісі:

– Аудан бойынша бізде 32 техника бірлігі жұмылдырылды. Шаруа қожалықтарының техникаларын да пайдаландық, «Май Сервис» коммуналдық қызметі мен Жолға қызмет көрсету телімінің арнайы техникалары көмекке келді. Елді мекендерге кіре беріс жолдардың бәрі ашылды.

Қазір аймақта күн ашық. Түнде сынап бағанасы -26 градусқа дейін төмендеді. Ауа райын болжау орталығының мәліметіне сүйенсек, аяз келесі аптаға дейін сақталады. Одан кейін күн жылынып, қайтадан боран соғады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы