443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейдегі ОВ-156/14 мекемесінде жазасын өтеушілердің 85% жұмыспен қамтылған

  • 319
  • UPD: 12:47, 01.02.2020

Семейдегі ОВ-156/14 мекемесіндегі сотталушылар түрлі кәсіпті меңгеруде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір жарым жылдың ішінде мұнда 13 кәсіпорын ашылып, жазасын өтеушілердің 85 проценті жұмыспен қамтылған. Жылыжайда көкөніс өсіріп, мал азығын өндіріп жатқандар бар. Жиһаз, сабын шығаратын цехтардың жұмысы да қарқын алып келеді.

Бұл жылыжайды жазасын өтеуші азаматтар ашқан. Ерболат Болатханұлы еркіндікте жүрмесек те, осындай еңбек ету арқылы елімізге ептеп болсын үлес қосқымыз келеді дейді. Маңдай термен тапқан нәпақаларын туыстары мен бала-шағаларына аударып отырады. Ал мынау мал азығын дайындайтын цех. Ең қызығы мұндағы азаматтар шикізат ретінде осы мекемедегі асханадан шыққан қалдықтарды пайдаланады екен.

Қозықан Қалиасқаров, жазасын өтеуші:

– Көбінесе шаруа қожалықтары алады. Тауық, құс ұстайтындар алады, осы жердегі тамақтың қалдықтарынан жасап, жем шығарып жатырмыз. Адам жұмыс істеп жүрген соң, басқа ой болмайды, бостандыққа қарай шығуға талпынасың.

Ал Самат Жанботаев еңбек ететін кәсіпорында тұрмысқа қажетті сабындар өндіріліп жатыр. Сапалы өнім қазір Шығыс Қазақстандағы барлық түзеу мекемелерін қамтамасыз етіп отыр.

Самат Жанботаев, жазасын өтеуші:

– Әрбір сотталушы азамат өздерінің жұмыстарын біледі. Бәріне ұнайды, бәрі келісімшарт бойынша. 4 сағат қайнатылып тұрады, өзінің градусына қарай шығарамыз, сосын ұсақтаймыз, сабынға айналады. Біз тәулігіне шамамен мың жарым, 2 мың шығарамыз. Мөлшермен 17-20 мыңға жуық шығарып тастадық.

Барынша қатаң түрдегі жазасын өтеу мекемесі бір жарым жыл бұрын ашылған. Мұнда қазір 350 сотталушы бар. Олар негізінен бұрын сот және құқық қорғау саласында қызмет еткендер.

Самат Ахмеджанов, ОВ-156/14 мекемесінің басшысы:

– Бір жарым жылдың ішінде 13 жеке кәсіпорын аштық. Қазіргі уақытта сотталғандардың 85 проценті жұмыспен қамтылған. Алатын айлықтары 42 мың. Өз жалақыларымен мекемеге келтірілген шығынды жабады және де бала-шағаларына жібереді, 20-30 мың теңгеден. Іске келетін ғимараттардың бәрін жүргізіп қойдық, 2-3 ғимарат бар, жөндеу жұмыстарын жазда бітірсек, оны да іске қосамыз.

Тұрғын үйлердің есіктерін шығарып, жиһаз жинайтын цехтар да қарқынды жұмыс істеп жатыр. Мұндағы өнімдерге тіпті алыстағы Қырғызстан елінен де тапсырыстар түсе бастапты. Жазасын өтеушілер болашақта кірпіш құйып, құс өсірумен де шұғылдануды көздеп отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы