443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің шекара қызметіне қарайтын екі бірдей әскери бөлім мерейтойларын атап өтті

  • 359
  • UPD: 12:59, 01.02.2020

Еліміздің шекара қызметіне қарайтын екі бірдей әскери бөлім сарбаздары 20 жылдық мерейтойын толағай табыстармен қарсы алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

2201/А шекара жасағы Ақтаудың маңында, ал 2201/Б әскери бөлімі Баутино ауылында орналасқан. Жүрдек катерлерге мінген теңіз шекарашылары судан келетін қатердің бетін қайтаруға әрдайым дайын.

Шекарашыдан өзгенің кіруіне рұқсат жоқ әскери бөлім аумағында бүгін мереке. Парадтық мундир киген жас офицерлер мен сарбаздар зейнет демалысындағы аға буынды сән-салтанатпен қарсы алды. Баутинода тұрған 2201Б шекара жасағының құрамы тәуелсіздік жылдары білікті кадрлармен толықты, әскери техникасы жаңарды. Қару-жарағы сақадай сай тұрған шекара флоты ардагерлерге таныстырылды.

Бұл – әскери бөлімдегі салтанатты шараның кезекті бөлімі. Өз ісінде үздік танылған теңіз шекарашылары Алғыс грамоталарымен марапатталды. ҰҚК жағалау күзеті өңірлік басқармасының басты сыйлығы – су жаңа автокөліктің кілті берілді.

Жаңа үлгідегі қару-жарақ түрлері ардагер теңіз шекарашыларының көңілінен шықты. Әсіресе, су астында диверсиялық әрекет жасауға жауапты сүңгуірлердің қасына кісі көп жиылды.  

Запастағы бірінші ранг капитаны Мұхаммет Союнов Каспий теңізін көнерген шекара кемелерімен шарлаған сәттерін еш ұмытпайды. Ол 1999 жылға дейін Маңғыстау өңіріндегі теңіз шекара дивизиясын басқарған бірінші командир болды. Ол кезеңде шетелден келген ескі әскери су көліктері қолданыста болған. Оларда қазақ сарбаздары шыңдалып, білікті офицерлерге айналды. 

Мұхаммет Союнов, запастағы бірінші ранг капитаны:

– Мұнда теңіз шекарасының тарихы басталды. Жаңа кемелер мен экипаждар жүріп жатыр. Қауіпсіздік бойынша барлық талап та орнына келді. Қорғаныс қауіпсіздігі жағынан бәрі де орнына келе береді деп ойлаймыз.

Аттай 20 жылда ҰҚК шекара флотының құрамы толық жаңарды. Ескі кемелердің орнын отандық үлгідегі корабльдер басты. Бүгінде Қазақстанның жауынгерлік кемелерінің қатарында мұзжарғыш-буксирлер, жанар-жағармай тасығыш су көліктері бар. Бұл ретте шекарашылардың ашық теңізде ұзақ мерзімге қалуына мүмкіндік туған.

Талғат Төребаев, ҚР ҰҚК жағалау күзеті аймақтық басқарма басшысының орынбасары:

– 2201Б әскери бөліміне жаңадан кеме мен қайықтар алынды. ҰҚК төрағасымен берілген жаңа шекара корабліне «Нұр-Сұлтан» аты берілді. Екі гидроакустикалық станциясы бар. Ол судың астында шекара бұзушыларды ұстайтын болады. Биоресуртық бекіре тұқымдас балықтарды қорғау үшін күні-түні шекарашыларымыз өз борышын атқарып келеді.

Өткен жылы маңғыстаулық сарбаздар жалпы құны 6,5 млрд теңгеге бағаланған шығынның бетін қайтарды. Олар 5 мыңдай бекіре тұқымдас және төрт мыңға тарта өзге де балықтарды тәркілеп, теңізге жіберген. Қарақшылардан алынған ау-торлар сол күні-ақ өртеліп, жойылады. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы