410,70 456,25 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қорғас» орталығын ашу мерзімі кейінге шегерілуі мүмкін

  • 365
  • UPD: 21:47, 01.02.2020
«Қорғас» орталығын ашу мерзімі кейінге шегерілуі мүмкін

«Қорғас» халықаралық ынтымақтастық орталығын ашу мерзімі кейінге шегерілуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы арнамызға телефон арқылы сұхбат берген еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.

Оның айтуынша, бекет 22 қаңтардан бері жұмыс істемей тұр. Алдын ала мәлімет бойынша ақпанның 15-іне дейін жабық болады. Осы аралықта мұндағы инфрақұрылымды жөндеп, бақылау жұмыстарын күшейту керек.

Бұл өткізу бекеті арқылы тәулігіне Қазақстан тарапынан 3 мыңдай, ал Қытай тарапынан 7-8 мың адам өтеді. Қазіргі уақытта Ведомствоаралық комиссияның тапсырмасы бойынша құрылған арнайы топ Қытай халық республикасы мен Қазақстан арасындағы 6 кедендік өткізу бекетін бақылап шықты. Онда коронавирус індетін жұқтырғандарды анықтауға байланысты дайындық жұмыстары пысықталды.

Сонымен қатар тауар мен қызмет және жолаушыларды бақылау жүйесі тексерілді. Осының нәтижесінде бірнеше кемшіліктер анықталып, оны шешу жолдары қарастырылды. Бүгінде шекара маңындағы ауруханаларға қосымша орындар мен қажетті техникалық жабдықтар жеткізіліп, індетті жұқтыруы мүмкін адамдарды анықтап, оның таралуының алдын алу шаралары пысықталды. Ал әуе қатынастары шектелгеннен кейін Қытайдан Қазақстанға өткісі келетіндер Қырғызстан және Ресей шекаралары арқылы өтуі мүмкін. Осы елдердің Қытаймен жақын орналасқан бекеттерінде де бақылау күшейген. Тексеру қорытындысы Ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында талқыланып, тиісті шаралар қабылданатын болады.

Хабар 24 телеарнасы