377,19 415,79 5,93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында ауыл тұрғындарына 200-ге жуық агротехника берілді

  • 119
  • UPD: 23:19, 01.02.2020

Жамбыл облысында «Тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту жобасы» жаңа кезеңге аяқ басты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тың бастама аясында аймақта құрылған кооперативтерге 200-ге жуық жаңа ауылшаруашылық техникасы берілді.

Айта кету керек, пилоттық жоба еліміз бойынша тұңғыш рет осы өңірде жүзеге асырылып келеді. Техникасын сайлаған жұрт көктем басталысымен іске кіріседі.

Жобаны сәтті бастаған ұжымдардың бірі – «Сәт» кооперативі. Құрамына Бесағаш пен Түрксіб ауылдарынан мыңнан аса аула енген. Жұрт былтырдан бері жұмыс жоспарын нақтылап қойған. Тиімді игерілмей жатқан жер телімдері анықталып, зерделенді. Енді міне, күткен техника да жетті.

Мұртаза Әбдрахманов, мехнизатор:

Енді ауылымызға барып, қызмет етуіміз керек. Жерімізді игеруіміз керек. Бала-шағамызды бағып, нәпақамызды табуымыз керек. Көктем айы – наурыз айы басталады. Жер айдау, егін егу дегенге бізге қолайлы болды бұл.

Мехнизатор Мұртаза Әбдрахманов бастапқыда жобаның өміршеңдігіне күмәнмен қарағандардың қатарынан. Еңбек адамы «техника мәселесі қысқа мерзімде шешіледі деп ойламадым», дейді. Бүгін көзі жетіп, ауылына қуанып қайтып барады.

Бес бағыттан тұратын пилоттық жоба өңірдегі 11 ауылдық округте жүзеге асырылып жатыр. Жалпы саны 50 мыңға тарта халық  қамтылып отыр. Жуырда жоба аясында 6 миллиард теңгеге 40 мың бас мал мен құс сатып алынбақ. Жаңа техникалар осы және қолдағы түлікке жем-шөп әзірлеп, тиімді мол өнім алуға бағытталады. Ал, бұл агромашиналарды бірінші кезекте жергілікті жердегі кооперативтерге мүше болған ауыл тұрғындары пайдаланады.

Мұратхан Шүкеев, облыс әкімінің орынбасары:

- Жерін айдау немесе себу мәселесі болатын болса, кооператив басшысына барады. Өзінің сұранысын береді. Кооператив басшылары сол аулаға өзінің техникасын жібереді. Бұдан бөлек кооператив осы ауылдың іргесіне егетін тұқымдардың, көкөністің тұқымын немесе арпа, басқа қылша тұқымдары болатын болса, соның бәрін кооператив өздері сатып алып келіп, ауыл тұрғындары ешқайда барып іздеп жатпайды. Кооператив әр ауыл тұрғынының жеріне байланысты, жерінің көлеміне байланысты тұқымын беріп отырады.

Мемлекет ауыл тұрғындарын материалдық-техникалық қажеттілікпен қамтамасыз етті. Енді кезек тұрғындарда. Мүмкіндік тиімді пайдаланылса, облыс тұрғындарының табысы артып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері де ілгерілейді.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы