443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында Абайдың 175 жылдығына орай 200-ге жуық іс-шара өтеді

  • 417
  • UPD: 23:33, 01.02.2020

Абайдан асқан дана жоқ. Ертіс өңірінде ақынның 175 жылдық мерейтойына арналған 200-ге тарта ауқымды іс-шара ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның көп бөлігі мектеп қабырғасында өтеді. Өйткені ұлы ойшылдың мұралары кейінгі ұрпақ үшін маңызды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Абай тақырыбын қамтыған дәрістер, ашық сабақтар мен сынып сағаттары күн сайын өткізіліп тұруы тиіс.

«Қазақ халқының ұлы – Абай Құнанбаев». Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Қазақстанның үш өңірінен келген өкілдер қатысты. Ғылыми еңбектер мен жобалар онлайн режимде талқыланды. Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған сайысқа мектеп оқушылары тыңғылықты дайындалыпты.

Бақытгүл Қапасова, профессор:

- Абай қазақтың танымын әбден жете зерттеп барып жазған дүниелер ғой. Сондықтан да Абай айтқан толық адам болсын, Абай айтқан бес асыл болсын, Абай айтқан ақыл, жүрек қайрат болсын, осы қай-қайсысы болсын, бүгінгі біздің балаларымыз өз бойына сіңіре білсе, тіпті тани білсе, соны таба білсе, бұл да біз үшін бір үлкен жетістік деп есептеуге болады.

Павлодардағы №24 жалпы орта білім беру мектебі республикалық байқауда топ жарды. Дәл осы мектептің ғылыми-тәжірибелік жұмыстары үздік танылып, «Абай жылы» ұлттық жобасына қатысу құқығына ие болып отыр. Оқушылар терең талдау жүргізіп, тақырыпқа ерекше мән берген.

Ғайша Иманбаева, профессор:

- Осы ұрпақ өзі осы болмыстың, қазіргі кездегі мәселелерді көтеріп, Абайдың айтқан нақыл сөздерімен байланыстыра отырып, бұл мәселелерді шешуге өздерінің шағын болса да бір айтар сөзі, үлестерін қосатындай болып тұр. Мақалаларында енді көптеген маңызды мәселелер бар. Болашақта Абайдың сөздері жастарға сондай үндеу болатындай дәрежеде екені, осындай күйде тұр.

Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған шаралардың шымылдығын Ертіс өңірі Абайдың «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің көрмесімен ашты. Мәдениет үйлерінде Абай шығармашылығына арналған концерттік бағдарламалар жүріп жатыр. Шілде айында «Абайдың өшпес әндері» атты Халықаралық ән байқауы өтеді және «Абай  ауылға келді» жобасы басталады. Ұлы ақынның шығармалары өзектілігін жоймаған. «Абай оқулары» тіпті темір тордың ар жағында да өтіп жатыр. Сотталғандар ұлы ақынның шығармаларын орындап, өзара сайыстарға қатысу үстінде.

Арман Сандыбаев, жазасын өтеуші:

Екі жүз жыл бұрын болған оқиға қазір де қайталанып тұр. Тек қана бізде бір өзгеріс, материалдық жағдай бұрынғы жағдаймен басқаша. Менталитет, өмір салтымыз сол қалпы дамусыз қалып тұр. Ғылымға ұмтылмаймыз, жұмыс істеуден арланамыз. Абай нені дәріптейді? Ғылым-білімді дәріптейді.

Жергілікті атқарушы билік биыл Абай көшесіне жөндеу жүргізіп, абаттандыру жұмысын қолға алады. Ұлы ақынның ескерткіші бой көтереді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы