427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Аягөз ауданында «Туған жер» бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылып жатыр

  • 631
  • UPD: 10:02, 02.02.2020

Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында «Туған жер» бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылы жалпы құны 60 миллион теңгеден асатын ондаған жоба ел игілігіне берілсе, биыл да іскер азаматтар іргелі дүниелерді атқаруды жоспарлап отыр. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы құрметіне данышпан ақынның ескерткіші қайта жаңғыртылып, оның ұстазы Дулат Бабатайұлының есімі орталық алаңға берілмек.

Тарбағатай ауылында 2 мыңға жуық адам тұрады. Көбі мал шаруашылығымен айналысады. Береке-бірлігі жарасқан жұрт көптен бергі мақсатқа қол жеткізіп, жаңа мешіт үйін тұрғызып алды. Көп түкірсе көл демекші, үлкен-кіші, жас пен кәрі бір жылдың ішінде керекті қаражатты жинап, құрылыс ойдағыдай аяқталған.

Тұрар Үсенов, ауыл тұрғыны:

- Бір апамыз өзі таяққа сүйеніп келіп, «Айналайын, құлындарым, осы бір 5 мың теңгем бар, осыны мен үшін қосыңдаршы, менің де үлесім болсыншы»,-деп апамыздың келіп жатқанына, бөліп әкеліп беріп жатқан апаларымызға Құдай риза болсын!

Жанарбек Бекбай, ауыл тұрғыны:

- Таубә, ауылымыз тірек ауылдарының бірі аудан бойынша. Өсіп-өнген ауыл, алыс-жақында Қазақстанның түкіпр-түкпірінде осы ауылдың азаматтары еңбек етіп жатыр. Бәрі осы туған жерге деп алаңдаулы, көңілдерін бөліп тұрады. Енді алдағы уақытта да жақсы-жақсы жоспарлар бар. 

Бұрынғы мешіт тар болатын әрі арнайы салынбаған ғимарат еді. Енді 200-ге жуық адам емін-еркін ғибадат-құлшылықтарын атқара алады. Ауыл халқы жаңадан келген имамға тұрғын үй де сатып әперіпті. Жалпы ауданда туған топыраққа тағзым етіп, өскен еліне қайырымды істерін арнаған азамат аз емес. Биылғы қазақтың бас ақынының мерейтойына жоспарланған жобалар жетерлік.

Ділдәбек оразбаев, Аягөз ауданының әкімі:

- Абайдың ескерткішін қайта жаңарту. Ол бұрын осыдан 15-20 жыл бұрын қойылған ескерткіш. Соны біз қайта алып, орнына басқа ескерткіш қоямыз деп жоспарлап отырмыз. Ол бір. Екіншіден, Абайдың ұлы ұстазы – бұл Дулат Бабатайұлы. Сол Дулат Бабатайұлына біз Абайдың 175 жылдығына орай соған қатарластырып, оны да біз үлкен ескерткіш орнатып жарыққа шығару. Рухани жаңғыру бойынша сол ұрпақтары қоятын болады оны, оның бәрін кәсіпкерлер қоятын болады. Оған біз бюджеттен ақша шығармаймыз. 

Жаңа ғимарат салып, ескерткіш тұрғызғаннан өзге аягөздіктер көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларын қолдаудан да шет қалған емес. Мәселен, Баршатас ауылының мектеп түлектері баспанаға мұқтаж жалғызбасты анаға үй алып берген.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы