375,87 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысындағы Садовый ауылының тұрғындары ауыз сусыз отыр

  • 72
  • UPD: 08:55, 03.02.2020

Қостанай облысы орталығының іргесіндегі Садовый ауылы ауыз сусыз отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеңес заманында салынған желі 1990 жылдары істен шыққан соң әркім ауласынан ұңғыма қазып пайдаланған. Бірақ өткен жазда ылғал аз болып, сол ұңғымалар да кеуіп қалыпты. Ал қала жағдайына бейімделіп салынған қос қабатты үйлердің тұрғындарына тіпті қиын.

Данияр Сұлтан, тілші:

- Бұл Садовый тұрғындарының жанайқайы. Ұңғымадан су шығып тұрғанда сапасыз болса да, көпшілігі соны тұтынып келді. Ал былтыр жазда жерасты суы жоғалғанда бірқатары қайтадан қайнар қаздырды. Оның құны тереңдігіне қарай жарты миллион теңгеге дейін жетеді.

Ғалия Құтымбекова, Садовый ауылының тұрғыны:

- Екінші ұңғыма қаздырдық. Оның суы ішуге келмейді. Бақшаға, ыдыс-аяқ жууға ғана қолданамыз. Ал бес литрлікті балалар қаладан әкеп отырады.

Мұхамеджан Асқаров, Садовый ауылының тұрғыны:

- Бәрі техникалық су. Ішуге жарамайды. Анау Новый көшесінде. Бізде де жарамайды. Анализге ешкім апарған жоқ. Бір жігіт анализге апарған. «Малға беруге де болмайды» деп айтты дейді.

Ауылда 1300 адам тұрады. Барлығының үнемі қаладан таза су әкелуге мүмкіндіктері жоқ. Амалсыздан ұңғыманың суын ішеді. Жазда ауылға тіршілік нәрі көлікпен тасымалданыпты. Кейін тоқтатылған. Аудан басшылары ақпан айында халықпен кездесіп, бұл жұмысты қайта қолға алатынын айтады.

Рустам Садықов, Қостанай ауданы әкімінің орынбасары:

- Садовый ауылында сумен қамту жүйесін салу үшін біз қазір зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Егер де нақты қоры 1-2 жылдың анықталса, ақша бөлініп тұрса 3-4 жыл ішінде сол сұрақ шешілуі мүмкін.

Қостанай ауданында 52 елді мекен бар. Орталық су желісі соның жетеуіне ғана тартылған. Биыл 13 ауылды ауыз сумен қамтуға жобалық-сметалық құжат дайындалыпты. 

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы