445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазығұрт ауданындағы ауыл ауыз су азабын тартып отыр

  • 185
  • UPD: 23:56, 03.02.2020

Қазығұрттағы 16 ауыл орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған. Тұрғындар тіршілік нәрін тасып ішеді. Жағдайы келгені құдық қаздырып алған.

Жалпы Түркістан облысындағы бұл аудандағы 64 елді мекенннің 48-і тіршілік нәрімен қамтылып, халық таза ауызсу тұтынып отыр. Биыл 9 ауылға ауыз су жеткізілмек.

Бұл Қазығұрт ауданы Тұрбат ауылдық округіне қарасты Қызылдиқан елді мекені. Мұнда бес мыңға жуық халық тұрады. Ауыл молдасы Әбдіфаттах ақсақалдың айтуынша, елді мекенде су мәселесі шешілмеген. Тұрғындардың көпшілігі ауыз суды әлі күнге дейін ауыл іргесіндегі бұлақтан тасып ішеді. 

Әбдіфаттах Әбдіразақ, Қызылдиқан ауылының молдасы:

- Қанша уақыттан бері Қызылдиқан ауылының тұрғындары судың азабын тартып келеміз. Неше жыл Тастақ өзенінен тасып іштік. Қазір енді үйдің ауласынан құдық қазып алдық. Матормен тартып, мына ыдыстарды толтырып аламыз. Сосын шетінен құйып алып, пайдаланамыз. Бірақ орталықтандырылған су жүйесіне қосып берсе жақсы болар еді.

Рахманберді Кәрімұлы, Қызылдиқан ауылының тұрғыны:

- Қазір біздің ауыл тұрғындарына ең қажеттісі ауыз су болып тұр. Әрбір үйге тіршілік нәрсе жетсе дейміз. Сол кезде ауызсудың мәселесі толық шешілер еді. Қазір көрші ауылдарға су беріліп жатыр. Биыл бізге де береміз дейді. Тезірек берсе халық су тасудан құтылар еді. Әсіресе қыстың күні қиын.

Қазығұрт ауданында 64 елді мекен бар. Бүгінге дейін соның 48-і орталықтандырылған таза ауыз су жүйесімен қамтылған. 2018 жылы ауылдарға ауыз су тартуға республикалық және облыстық бюджеттен 1 млрд 296 млн теңге қаржы қаралған. Былтыр 8 елді мекенге тіршілік нәрі жеткізілсе, биыл тағы да 9 ауылға таза ауызсу барады. 

Бақберген Құралбаев, аудандық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Қазір 9 елді мекенге құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2020 жылдың қорытындысымен 60-қа жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Шалғайда орналасқан 3 елді мекеннің тұрғындары бұлақ көзімен қамтамасыз етіледі. Экономикалық тұрғыдан тиімсіз болғандықтан ол жерлерге су бармайды. Биылғы жылдың қорытындысымен 95 пайызға жеткіземіз.

Жалпы Қазығұрт ауданында 110 мың халық тұрады. Жауапты сала мамандарының айтуынша, биылғы жылдың соңына дейін таза ауыз сумен қамтылған өңір тұрғындарының саны 100 мыңға жетпек.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы