439,01 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Таразда 80 отбасы баспаналы болды

  • 243
  • UPD: 00:08, 04.02.2020

Таразда осы аптада тағы 80 отбасы баспаналы болды. Жыл басталғалы шаһарда осындай 240 пәтер ел игілігіне берілген. Бұл игі шаралар мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында атқарылып жатыр.

Аңсап жеткен үш бөлме. Қалия Аманбаева осы күнді 8 жыл бойы күткен. Көп балалы ана шиеттей бала-шағасымен осынша уақыт пәтер жалдап күнелтіп келіпті. Көшіп қонудан мезі болған қала тұрғыны «жуық арада көшіп келемін» деп отыр. 

Қалия Аманбаева, қала тұрғыны:

- 7-8 үйде тұрған шығармыз енді. Бес баламен жақсы үйді бере бермейді. Әркімнің ескі үйінде тұрып, ескі үйін жөндеп тұрып келдік осы күнге дейін. Міне балаларым студент алды. «Мама үйіміз қашан болады?» деп міне жеттік осы күнге де. Рахмет! 

Бұл пәтерлердің барлығы жалдамалы. Яғни жұртқа жекешелендіру құқығынсыз беріліп жатыр. Мамандардың айтуынша, баспаналы болған азаматтар үйді сата алмайды. Бірақ өмір бойы тұруға құқылы. 

Кенжебек Олжабай, қала әкімінің орынбасары:

- Ол жалдамалы пәтер. Жыл сайынғы пәтер ақысын төлеп тұра береді. Ол сол азаматтың пәтері болып саналады. Кейбір азаматтар соны түсінбеушілік көрсетіп жатады. Бағдарлама арқылы болсын, Бақытты отбасы бағдарламасы болсын, жалдамалы пәтер ол пәтер де сол азаматтардың алып отырған пәтері.

Жалпы Тараз қаласы бойынша 19 мыңға жуық адам баспана кезегіне тіркелген. Биыл жыл соңына дейін 1500-ге тарта пәтер беріледі деп жоспарланып отыр. Қазір бұл бағытта «Нұрлы жер» бағдарламасымен 19 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы