447,67 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Біз біргеміз» акциясына елордалық екі мыңға тарта волонтер үн қосты

  • 438
  • UPD: 15:50, 04.02.2020

Олар «Астана жастары» ресурстық орталығына тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Волонтерлар жылы аясында арнайы штаб ашылған болатын. Оған белсенді 200-ге тарта волонтер тұрақты түрде келіп тұрады. Жалпы бұл шараны еліміз бойынша 50 мыңнан аса ерікті қолдады. Бүгін көмекке мұқтаж тағы бір отбасының ауласын қардан тазалады.   

«Астана жастары» ресурстық орталығының ұйытқы болуымен басталған «Біз біргеміз» акциясын ел болып қолдай кетті. Оған волонтерлардан бастап өнер жұлдыздары да үн қосты. Елордалық жастар осы акцияны қаланы қалың қардан тазалап болғанша жалғастыруға ниетті.

Ақерке Ақтай, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары:

– Біз 48 мың шаршы метр қар шығардық. Жалғызбасты аналардың үйін, зейнеткерлердің үйін қардан тазаладық. Жалпы саны 200-ден асады. Бұл Волонтерлар жылы аясында жасалып жатқан іс-шара.

Маржан Ахметжанова екі баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Қолында тағы анасы бар. Балалары әлі кіші. Ауласын қалың қардан тазалай алмаған соң әкімдікке хабарласудан басқа амалы қалмаған. Көмектің көп ұзамай жеткендігін айтады.

Маржан Ахметжанова, қала тұрғыны:

– Бір жұманың ішінде келеміз деді. Бүгін басталып кетті. Техника да келді. Көп рақмет.

Қолға күрек алып, қарды тазалауға атсалысу – «Біз біргеміз» шарасының басты талабы. Волонтерлар бұл науқандық жұмыс болып қалмайды дейді. Әкімдіктен көмекке мұқтаж жандардың тізімін алып, қол ұшын беруді, қоғамға пайдалы іс жасауды жалғастырмақ.

Хабар 24 телеарнасы