376,16 406 5,90

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында сүт пен ұн өнімдерінің бағасы шарықтап барады

  • 99
  • UPD: 21:40, 04.02.2020

Атырау өңірінде сүт пен ұн өнімдерінің бағасы шарықтап барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нанның қымбаттауы соңғы айлары Маңғыстау облысында да байқалған еді. Жергілікті бюджеттен арнайы қаржы бөлінген соң мәселе шешімін тапты.

Ал атыраулықтар сүт өнімдеріне деген сұранысты қанағаттандыру үшін кешенді жобаны қолға алмақ.

Атырау өңіріне сүт пен ұн өнімдері Ақтөбе, Батыс Қазақстаннан тасымалданады. Сәйкесінше, олардың құны 20-30 теңгеге қымбат. Жаңа жылдан бастап баға тағы шарықтады. Мәселен, 3.2%-тік сүт бұрын 230 теңге болса, қазір 270 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ кілегей мен қаймақтың құны да құбылып тұр. Ал бірінші сортты ұннан пісірілген бөлке нан 79 теңге тұрады. Тұрғындардың осы өнімдерге сұранысын қанағаттандыру үшін әкімдік кешенді жоба жасамақшы.

Мейрамбек Аухадиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Осы ағымдағы жылы Жылыой ауданында тағы бір сүт өңдеу цехын іске қосу жоспарлануда. Ал бірінші сортты ұн бағасына келетін болсақ, Батыс Қазақстан облысынан 1060 тонна ұн тасымалдау жөнінде келісімге қол жеткізілді. Қазір наубайханаларға жеткізілуде.

Ал Маңғыстау облысында өткен жылдың соңында бірінші сортты ұн бағасы шекті мәнінен 32%-ке күрт қымбаттаған еді. Әкімдік шұғыл түрде тұрақтандыру қорына 270 млн теңге аударды. Оның 170 млн теңгесі «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы өңірдегі ұн өндіретін екі кәсіпорынға теңдей бөлініп берілді.

Әли Сәрсенов, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы сауда және баға мониторингі бөлімінің басшысы:

- Олар астық алып, оны ұнға айналдырып, жергілікті наубайханаларға арзан бағамен сатты. Соның арқасында біз нан бағасын тұрақтандырып, өсуге жол берген жоқпыз. Көкөністің бағасына келсек, маусымдық сипаты бар. Жазда жиналған астық бітіп, қалғаны қалады. Соларды шығарады, сәл қымбаттау болады енді. Сәйкесінше, жазда және күзде оның бағасы түседі.

Қазір бірінші сортты ұнның бір келісі 126 теңге, әлеуметтік нан 82 теңгеден сатылып жатыр. Сүт өнімдерінің құны Атырау өңірімен шамалас. Жалпы Маңғыстауға азық-түліктің 90%-і жеткізіледі. Халыққа қолжетімді болуы үшін әкімдіктер демалыс күндері жәрмеңке өткізіп тұрады. Мұндағы баға әдете 15-20%-ке арзан. Жыл басталғалы өлке көлемінде 32 жәрмеңке ұйымдастырылған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Арыстанбек Кенже, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы