376,43 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шардарадағы көп қабатты баспаналардың 50%-і әбден ескірген

  • 106
  • UPD: 22:12, 04.02.2020

75 үйдің 34-і күрделі жөндеуді қажет етеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көбінің салынғанына 40 жылдан асып кеткен. «Тозығы жеткен үйдің тұрғындары 20 жылдан бері таза ауыз су мен жылуға да жарымай келеміз», дейді.

Себебі, мұндағылардың бәрі пәтерінде пеш жағып, күл шығарып отыр. Ал жауапты сала мамандары биыл 4 үйді күрделі жөндеуден өткізетінін айтады.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Бұл – Шардара қаласы Әшіров көшесінде орналасқан екінші үй. Іргетасының қаланғанына 40 жылдан асқан. Екі қабатты баспана әбден тозған. «Жаңбыр жауса, төбемізден су сорғалайды. Бөлменің қабырғалары көгеріп, жағымсыз иіс шығады. Су сыздықтап зорға ағады. Сапасы ішуге келмейді. Бірақ амалсыз тұтынамыз», - дейді 20 жылдан бері осында тұратын Құрсан Асылтаева. Мектеп жасындағы кішкентай 3 баласы бар ана пәтерінде пеш жағып, күл шығаруға мәжбүр. Себебі тұрғын үй орталық жылу жүйесіне қосылмаған.

Құрсан Асылтаева, Шардара қаласының тұрғыны:

- Осы жерде 16 пәтер бар. Әсіресе, жоғарыда тұратын пәтерлердің бәрінде төбесінен су ағады. Ауыз су тамшылап ағады. Ванна, туалетте де сондай. Мотор қойып алғандардыкі де әзер ағады. Түнде сәл ағады су, сол кезде шелекке, баклашкаға құйып, жинап аламыз. Оған кірімізді жуып, балаларымызды шомылдырамыз.

Жалпы Шардара қаласында 75 көп қабатты тұрғын үй бар. Соның 67-сі қайта жөндеуді талап етсе, 57-сі күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұған дейін терможаңғырту бағдарламасы аясында 23 көп қабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен.

Адас Төребекова, Шардара қаласының тұрғыны:

- Үйлердің сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүрді. Үйлеріміз өте әдемі болып қалды. Көп қабатты үйлердің алдына орындықтар орнатылды. Жарық орнатылып, жол істелінді. Ең қуаныштысы, әрбір үйдің алдына ең соңғы үлгідегі балалар алаңшасы орнатылды. Үйдің сырты түсіп, әбден тозған еді. Қазір өте әдемі, тұрғындар өте қуанышты.

Биыл терможаңғырту бағдарламасы бойынша 4 үй күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарлануда. Қазір олардың жобалық-сметалық құжаттары толық әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған. Шамамен 80 млн теңге қаржы жұмсалады деп күтілуде.

Қанат Шаданов, Шардара тұрғын үйге қызмет көрсету компаниясы басшысының м.а.:

- Биылғы жөнделетін 4 көпқабатты тұрғын үйдің ішінде осы Әшіров 2 үйі бар. Ортақ пайдаланымдағы жүйелер жөнделеді. Оған шатыр, жертөлесі, сыртқы қасбеті, инженерлік коммуникациялық жүйелер, кәріз, су жүйесі бар. Ауыз су жүйесі толық жаңғыртылады.

Мамандардың айтуынша, тағы да 20 үйдің жобалық-сметалық құжаты әзірлену үстінде. Барлығы жоспарланғандай жүзеге асса, алдағы 2 жылда барлық көп қабатты тұрғын үй терможаңғырту бағдарламасы шеңберінде күрделі жөндеуден өтеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы