376,16 406 5,90

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде қант арзандады

  • 134
  • UPD: 22:25, 04.02.2020

Елімізде кей азық түрлері қымбаттағанмен, қант арзандады.

Бұрын құмшекердің әр келісі зауыттан 180 теңгеден сатылса, қазір 140 теңгеден саудаланып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал өнім өндірушілер «баға бұлай төмендей берсе, табыс таппақ түгілі шығыннан көз ашпай қаламыз ба» деп алаңдаулы.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Бұл – кісі қарасы үзілмейтін Талдықорғанның орталық базары. Ондағы сауда орындарын аралап, сатушылардан қант бағасын сұрап білдік.

Баян Талмурзина, сатушы:

- 190 теңге. Өзіміздің Ақсу зауытының қанты, сұраныс өте жақсы.

Виктория Артемова, сатушы:

- Қант 190 теңге. Көксу және Тараз қантына сұраныс көп.

Базарда қант 190-220 теңге аралығында болса, ірі сауда кешендерінде 170 теңге көлемінде сатылып жатыр. Нарықтағы баға осындай болғанымен, құмшекердің зауыттан шығатыны құны бұдан да төмен.

Алтынбек Абатов, зауыт директоры:

-Біз алдыңғы жылы 180 теңгеден сатып жүрсек, қазіргі күні 140-145 теңгеден сатып жатыр.Себебі, қазір енді Ресейдің қанты кірді, олардың қанты бірнеше есе арзан, сол себепті біздің қанттың өтімі төмендеп кетті.

Әнуарбек Аймен, экономика ғылымының докторы:

-Егер бағаның төмендеу тенденциясы жалғаса берсе, қант өндірушілердің жағдайы өте төмен болады. Себебі, олардың көбісі кредит алған. Құрал-жабдықтарын жаңарту үшін. Өзіндік құны өскеннен кейін олар жоспарлған бағадан сата алмайды да, сөйтіп жағдайы төмендеп, отырып қалуы мүмкін.

Өнім өндірушілер үшін қалыптасқан жағдай қиындық туғызса, тұтынушылар үшін тиімді болып отыр. Көпшілік отандық өнімнің қолжетімді болғанын қалайды. 

Гүлбану Бекежанова, Талдықорған қаласының тұрғыны:

-Біздегі алқаптарға қант қызылшасын себеді. Қызылша жетеді. Сондықтан қант қымбат болмауы керек.

Жамалхан Қасенова, Талдықорған қаласының тұрғыны:

-Өзімізде өндірілгеннен кейін төмен болуы керек. Сұрауымыз бойынша.

Қыста қант арзандағанымен, жаз шыға қайта қымбаттайды екен. «Яғни, сұраныс артқан кезде баға да көтеріледі»,- дейді тараздық сатушылар.

Әлима Байтілеуова, сатушы:

-Былтыр қабы 5 мың бірдеңе болған. Биыл мың теңгеге арзан. Ол әзірге. Маусым кезінде барлығы көтеріледі. Ертең мамырда көкөніс, жеміс-жидектер шыға бастағанда қант бағасы көтеріледі.

Еліміздегі қант бағасының төмендеуіне Ресей мен Беларусь елінен әкелінетін өнім ықпал еткен. Қазақстандық және шетелдік тауар өндірушілердің өзара бәсекесінен әзірге қарапайым халық қана ұтып отыр. Нарықтағы жағдайдың алдағы кезде қалай өзгеретінін уақыт көрсетеді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

 

Хабар 24 телеарнасы