375,87 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қарағанды жаны» картинасын жергілікті кәсіпкер көшіріп басып, сатып жіберген

  • 89
  • UPD: 22:27, 04.02.2020

Қарағандылық суретші Марьяна Макееваның «Қарағанды жаны» деп аталатын картинасын жергілікті кәсіпкер көшіріп басып, сатып жіберген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақыр аяғы іс сотқа түсіп, қылқалам иесі авторлық құқығын дәлелдеп шықты.

«Қарағанды жаны» деп аталатын бұл картина Марьяна Макееваның авторлық туындысы. Шамамен 5 жыл бұрын салған. Жуырда ол дәл осы суреттің көшірмесін белгісіз біреулердің 5 мың теңгеге сатқанын естиді.

Марьяна Макеева, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:

- Картинаның көшірмесі өткен жылдың 8 наурызы күні Нұр-Сұлтан қаласында сатылыпты. Сатып алушы Instagram желісі арқылы қуанышымен бөлісіп, автор ретінде мені белгілеген. Көргенде таң қалдым. Бірден оған хабарласып, қай жерден және қаншаға сатып алғанын білдім.

Кейін белгілі болғандай, картинаны жергілікті кәсіпкердің бірі – Ерік Ысқақов көшіріп басқан. Оның бұл кәсіппен айналысқанына бірнеше жыл болыпты. Алайда, қарағандылық суретшілердің еңбегін саудаға қойып келген азамат тек бірнеше автормен ғана келісімшарт жасаған.

Ерік Ысқақов, кәсіпкер

- Картинаның басым көпшілігін ғаламтордан көшіріп басамын. Ал кейбірін қылқалам шеберлерінің өзінен аламын. Суретшілер одағы мені қолдап отыр. Менің қателігім, заң тұрғысынан біраз автормен келісімшарт жасамадым. Оны мойындаймын.

Кәсіпкер өз әрекетін қылмыс деп санамайды. Керісінше, суретшілердің еңбегін жарнамалап жүргенін айтады. «Бұл бизнесте тіпті шығынға баттым», деп шағымданып отыр. Алайда, Марьяна Макеева суретшінің еңбегін ұрлау заңсыз деп есептейді, сол үшін сотқа берген.

Марьяна Макеева, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:

- Егер картина сәтті шықса, ол халық тарапынан қашан да лайықты бағасын алады. Мені қынжылтатыны, өнерге еш қатысы жоқ адамдардың еңбегімізді жасырын саудалағаны. Авторға деген құрмет болуы керек қой. 

Кәсіпкердің қатысуынсыз өткен сот отырысында суретшінің арызы қанағаттандырылып, «Қарағанды жаны» картинасының заңсыз сатылғаны расталды. Енді сот шешіміне сәйкес кәсіпкер суретшіге 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде материалдық шығын төлейді. Алайда, екі тарап та бұл үкіммен келіспей отыр. Сондықтан қайта арызданбақшы.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы