419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысында қарақшылық шабуыл жасаған топ құрықталды

  • 661
  • UPD: 10:43, 05.02.2020
Түркістан облысында қарақшылық шабуыл жасаған топ құрықталды

Түркістан облысының криминалдық полиция қызметкерлері жергілікті тұрғынның үйіне қарақшылық шабуыл жасаған қылмыстың «ізін суытпай» ашты, деп хабарлайды Polisia.kz.

Отырар аудандық полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне Шәуілдір ауылының тұрғынынан үйіне қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына тез арада Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков бастаған облыстық криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерінен құрылған жедел-тергеу тобы келіп жетті.

Жәбірленушінің айтуынша, түнгі 3:30-да бетперде киген белгісіз үш адам үйге терезе арқылы кіріп, осы уақытта ұйықтап жатқан ерлі-зайыптыларды пышақпен қорқытып, жұбайын байлап, қымбат тоны мен алтын бұйымдарын, 4 ұялы телефонын және екі тіркелген аңшы мылтығын қарақшылық жолмен алып кеткен. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 1 000 000 теңгені құрады.

Аталған жайт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 192-бабы («Қарақшылық») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Қылмысты ашу мақсатында полиция қызметкерлері жедел-тергеу тобын құрды, оған облыстық департаменттің криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері, Отырар аудандық полиция бөлімшесінің жедел уәкілдері және учаскелік инспекторлар кірді. Полиция қызметкерлері қылмыс орнын мұқият тексеріп, куәгерлерден жауап алып, басқа да қажетті шараларды жүзеге асырды. Осындай жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктілердің жеке басын анықтады. Криминалдық полиция қызметкерлері бір тәулік ішінде қарақшылық шабуыл жасаған қылмыстық топты ұстады. Олар Отырар, Мақтаарал аудандарының, Шымкент қаласының және Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары болып шықты. Оның біреуі бұрын сотты болған. Күдіктілер Шымкент қаласының көшелерінің бірінен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Тергеу барысында 4 жас жігіттен тұратын қылмыстық топ қарақшылық жолмен алынған алтын бұйымдарын ломбардқа өткізгені анықталды. Сондай-ақ тәртіп сақшылары, күдіктілер қылмыс іздерін жасыру үшін көміп қойған мылтықтарды тауып, айғақты зат ретінде тәркілеп алынды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өз кезегінде жергілікті тұрғын қарақшыларды ұстаған Түркістан облысының полицейлеріне алғысын білдірді.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға тұрғын үй қауіпсіздігімен қатар өз мүліктерін сақтау шараларын үнемі қолдану қажеттігін ескертеді. Мүмкіндігінше үйлерде бейнебақылау камералары мен күзет дабылын орнату қажет. Терезелерге темір тор қойып, ал есіктерге сенімді құлыптар орнату керек.

Хабар 24 телеарнасы