431,94 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда мүгедек жандардың көмекшілері 3 ай бойы жалақысыз жүр

  • 173
  • UPD: 14:08, 05.02.2020

Орал қаласында мүгедектердің көмекшілері 3 ай бойы жалақыларын ала алмай келеді. Қалалық жұмыспен қамту бөлімі қажетті бюджет қаржысы «Орал» корпоративтік қорына толық аударылды десе, соңғысы бөлінген ақшаның аз болғанын айтып ақталады.

Қажиденовтар отбасында 3 зағип жан бар. Үлкені жасы 86-ға келген Миуа апай. Ұзақ жыл ұстаз боп қызмет еткен кейуананың қартайғанда жарық сәулені бір көруі мұң болыпты. 

Миуа Қажиденова, қала тұрғыны:

- Шыға алмаймын. Жаз болса шығар едім, қыста шыға алмаймын. Аяқ тайғақ, таяқ тайғақ. Осы үйде отырамын да қоямын. Сонымен күн өтіп жатыр. 

Бүгінде бір үйлі жанды әжейдің жиен немересі  Әйгерім бағып отыр. Зағип жандардың ас-суын қамдап, кір-қоңын жууға бар уақыты кететіндіктен жұмысқа да шықпапты. Мүгедектің көмекшісі ретінде азын-шоғын ақша алатын еді. Қараша айынан бастап ол да тоқтаған. 

Әйгерім Двашева, мүгедектің жеке көмекшісі:

- Ертең келіңіз,  бір жұмадан кейін келіңіз. Барамыз, түсірмейді жалақы. 3 ай болды жалақы алған жоқпыз. 3 айдың жалақысы 100-ден асып кетеді.

Ақ адал айлығын ала алмай, табанынан таусылып жүрген жалғыз Әйгерім емес. Қалада 700-ден астам мүгедектің көмекшілері, қасында еріп жүрушілері болса, соның бәріне ортақ проблема. Қамкөңіл жандар тиісті мекемелердің табалдырығын тоздырудан шаршағандарын айтады. 

Дат Қапаев, бірінші топтағы мүгедек:

- Қаржы министрінің №677 бұйрығы үздіксіз қамтамасыз ету деген графа бар. Яғни айтқанда, жеке көмекші күнде де 8 сағаттан кем жұмыс жасамауға тиісті және ақшасын алуға тиісті. Бірақ ол беріліп жатқан жоқ. Бармаған жеріміз жоқ, баспаған тауымыз жоқ. 750 мүгедектің 750 көмекшісі екі ай бойы ақша алмау деген масқара ғой. Біреулердің үйлерінде тамақ жоқ.

Ал қалалық жұмыспен қамту бөлімінің айтуынша, мүгедектердің күтушілерінің жалақысы байқауда анықталған  мердігер-мекеме арқылы төленеді, бөлім мен көмекшілер арасында тікелей келісім жасалмайды. Өткен жылдың соңғы үш айында бұл мақсатқа «Орал» корпоративті қорына 56 миллион теңге бөлініпті. Қазынадан қаралған қаржының жетпей қалуына еңбек сағаттарының артық қойылуы себеп болған сыңайлы. 

Ерлан Ғалиев,  қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің меңгерушісі:

- Бүкіл мәселенің бәрі еңбек уақытының сағаты есептелуі. Бұл жерде көріп отырсыз тағы 4 сағат па, 8 сағат па мәселе туындайды. Бірақ ережеде атап айтқанда 8 сағатқа дейін деп көрсетілген. Бірақ та неше сағат болуы керектігі нақтыланбаған.

«Орал» корпоративтік қорының президенті Мұрат Қадырбеков болса, қалыптасқан жағдайға өздерін кінәліміз деп санамайды. Олар мүгедектердің көмекшілеріне бюджеттен мүлде аз қаржы қаралып отыр дейді. 

Мұрат Қадырбеков, «Орал» корпоративтік қорының президенті:

- Кімге жетеді 56 млн 3 айға. Бір айға декабрь айына 35 млн керек те бір айға. Сол үш айға санағанда 135 млн беру керек, біздің есебімізде. Методика расчет собес істеу және дәл бөлу керек қанша ақша. Бірақ олар бөлгенде сағатын жеткізуші санаңыз дейді, өздері жұмысын істемейді. Біздер әрине 8 сағат берсек айқай-шусыз, онда заң бойынша ақша жетпейді.

Бірнеше ай тапқан табысын ала алмаған соң көмекшілердің өз міндеттеріне салғырт қарары сөзсіз. Бұл өз кезегінде мүгедектердің өмір сүру сапасына әсер етері анық. Сол себепті мүмкіндігі шектеулі жандар да түйінді  мәселенің таяу уақытта оң шешілгенін қалайды.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Р. Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы