418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысындағы 100 шақты мектепте оқушылар саны шамадан тыс артқан

  • 465
  • UPD: 22:36, 05.02.2020

Алматы облысындағы 38 білім ошағы үш ауысымда бала оқытуға мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Болашақта мұндай мектептердің саны 50-ден асып жығылуы мүмкін. Талдықорғанда ұзақ жылдар бойы сақалды құрылыстардың мәселесі шешімін таппай келеді.

Талдықорғандағы Ынтымақ шағын ауданының тұрғыны Тілеубала Рысбаева күнде балаларын сабаққа шығарып салып, күтіп алады. Алаңдайтын жөні бар. Өйткені мұнда ең жақын мектептің өзі бірнеше шақырым жерде орналасқан. Абырой болғанда қалалық әкімдіктегілер бұл шағын ауданның балаларына арнайы автобус бөлгізді. Бұрын жаяу қатынайтын. 

Тілеубала Рысбаева, қала тұрғыны:

- Тасымалдау жағына рақмет айтамыз, балаларды тасымалдап жатыр. Бірақ қыс болсын, жаз болсын балалар тиеліп алып, сабаққа барғанша қаншама уақыт автобуста жүреді. Тоңып жүреді, шаршайды, қалып қалады. Ал өз өңіріңде, жақын жерде мектеп болса, ол әрине, біздің балаларымыздың болашағы үшін өте керек нәрсе деп ойлаймын.

Ал мына мектепте бірнеше шағын ауданның балалары оқып жатыр. Ынтымақта тұратын оқушылар да осында келеді.1200 орындық мектепте қазір 1700-ге жуық бала білім алуда.

Бала саны әсіресе бастауышта өте көп. Мұнда 10 бірінші сынып бар. Әрқайсысында ең кемі 35 баладан оқиды.

Шұғыла Дәулетханқызы, бастауыш сынып мұғалімі:

- Біздің осы шағын аудандарға тағы мектеп салынса деп ойлаймыз. Мемлекеттік стандарт бойынша 25 бала отыруы керек сыныптарда 35 баламен жұмыс жасау өте қиын. Мұның бәрі мұғалімнің жұмысына өте үлкен жүктеме түсіріп отыр.

Алматы облысындағы мектептердің көбі лық толы. Қазірдің өзінде 38 білім ошағы үш ауысымда бала оқытып жатыр. Оны жою үшін шамамен 25 миллиард теңгедей қаржы қажет. Биыл өңірде 14 мектеп салынады. Соның екеуі Талдықорған қаласында бой көтереді.

Марат Нүсіпбаев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Амандық Ғаббасұлы 6 мектеп бойынша тапсырма берген. Жобалық-сметалық құжаттамалары ақпан айында дайын болады. Қаражаты қазір қарастырылып жатыр. Биыл бастаймыз деп ойлап отырмыз. 

Талдықорғандағы тағы бір түйткілді мәселенің бірі – сақалды құрылыс. Мәселен, мына үйдің мемлекеттік бағдарлама бойынша салына бастағанына 7 жыл болды. Қазір құрылысы тоқтап тұр. Облыс орталығында осындай 5 үй бар.

Әкімдіктегілер мұның қаржы тапшылығынан болған жағдай екенін жеткізді. Аталған нысандар жақында жергілікті биліктің қарауына өтті.

Марат Нүсіпбаев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Олардың жобалық-сметалық құжаттамалары қазіргі уақытта дайын. Ақша бөлуге қарастырып жатыр. Биыл сол үйлердің құрылысы басталады.

Мектеп, сақалды құрылысқа арналған үйлермен қатар биыл облыста 14 денсаулық сақтау нысаны бой көтереді. 10 спорт кешені мен 5 студенттік жатақхана салынатынын да айта кетейік.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы