445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынып жатқан тұрғын үй аяқталмай тұр

  • 128
  • UPD: 17:16, 06.02.2020

Петропавлда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үй аяқталмай тұр.

Баспана 2018 жылдың жазында пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ құрылыс созбалаңға салынып, қазір тіпті тоқтап қалды. «Хабар 24» арнасының аймақтағы тілшілеріне бұл үйден пәтер алған салымшылар хабарласып, мұңын шақты.

Бақытжан Тұрлыбеков өз үйіне өзі кіре алмай жүр. Банктен сүйінші хабар естіген ол отбасымен ауылдан қалаға көшіп келген. Енді пәтер жалдап тұрады.

Бақытжан Тұрлыбеков, қала тұрғыны:

- Қазір енді қалада пәтер жалдап етіп тұрамын. Күзде келіп қалдық қой. Келіп қалғаннан кейін қайда барасың енді? «Әне бітеді, міне бітеді» деумен әлі созылып келе жатыр. Енді қазір қарасаңыз, құрылыс жүріп жатқан жоқ. Құрылыс тоқтап тұр.

Бұл үйдің құрылысы 2017 жылы басталған. Оған 570 млн теңге бөлінді. Бірақ құрылыс қарқын қоспаған. Баяу жұмыс көңілге қаяу түсірді. Құрғақ уәдеден шаршаған жұрт бүгін тағы да жиналып, базыналарын бізге айтты.

Бигүлсім Шалахова, қала тұрғыны:

Созылып кетті. Әрине, өте көп созылып кетті. Мен де сол пәтер жалдап отырмын. Жасым болса, 50-ден асқан. Маған бір осындай бір бөлмелі ғана керек. Жолдасым екеумізге жетеді ғой. Ауылға барғанша, қалада тұрайық дедік.

Пәтер кілттері негізі 2018 жылы табысталуы тиіс еді. Қазір құрылыс басында ешкім жоқ. Қалалық әкімдік мердігер ұйымды сотқа берген. Бірақ компания «қара тізімге» енгізілген жоқ.

Нұрболат Мұжықенов, қалалық құрылыс бөлімінің заңгері:

- Бұл компанияны жосықсыз мердігер ретінде танып, 4 млн теңге өндіріп алу жөнінде шағым түсірдік. Бірақ сот жұмыстың жартысынан астамы орындалғанын айтып, бірінші өтінішімізді қанағаттандырмады. Енді тағы арызданамыз.

Мердігер ұйым бұл жағдайды күннің суығымен байланыстырып отыр. Олардың айтуынша, қалған ішкі жұмыстар қыста жүргізілмейді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- «Қырығына шыдаған, қырық біріне де шыдайды» деп келген қарапайым халықтың шыдамы шынымен де шегіне жетті. Қоныс тойы биыл тағы да жазға қалып отыр. Ал салымшылардың сеніміне селкеу түскен. Сенім ақтала ма, жоқ па? Оны уақыт көрсетеді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы