420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Жусан» мен «Русафа» операциясы Еуропарламентте таныстырылды

  • 656
  • UPD: 09:19, 06.02.2020

Еуропарламентте Қазақстанда ұйымдастырылған «Жусан» мен «Русафа» операциясы таныстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Конференцияда Еуропарламенттің депутаттары мен Еурокомиссияның сарапшылары, сонымен қатар қызметкерлер, дипломаттар мен тілшілер де қатысты.

Жанат Эрнст, тілші:

- Бүгін Еуропарламент Сирия және Ирактан азаматтарымызды қайтару бойынша өткен «Жусан» мен «Русафа» операцияларының тәжірибесімен танысты. Қазақстан делегациясының өкілдері депутаттар мен сарапшыларға 595 азаматымыздың елге оралуын қамтамасыз еткен шаралар туралы баяндап берді.

Сабинелла Аязбаева «Жусан» гуманитарлық операциясы арқылы Сириядан Қазақстанға келді. Төрт жыл бойы Шам елінде қиыншылық көрген бес баланың анасы былтыр өзге де қазақстандықтармен бірге елге оралды.

Сабинелла Аязбаева, репатриант:

- Келгеннен кейін екі айдай «өңім бе, түсім бе» деп, өз-өзіме сенбей жүрдім. Бұл менің арманым еді. Ел президентіне мүмкіндік бергеніне алғысым шексіз. Отандастарымыздың біздің қателігімізді қайталамай, сан соғып қалмау үшін қолдан келгенше көмектескім келеді. Оларды тоқтатқым келеді.

Еуроодақтың көптеген елдерінде бұл мәселеге қатысты өзінше көзқарас қалыптасқан. Францияның еуродепутаты Тьери Мариани Кәрі құрлық елдері өз азаматтарын қайтара қоймайтынын айтты. Жиында сөз сөйлеген Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Айгүл Құспан «Жусан» мен «Русафа» гуманитарлық акциясы әлемдік қоғамдастықтардың ерекше назарында екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар қарулы қақтығыс өршіп тұрған аймақтан келгендердің эвакуациясы мен бейбіт өмірге бейімделу шаралары да назардан тыс қалмады.

Станислав Василенко, ҚР СІМ Арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі:

- Бұл оңай шаруа емес. Себебі оларды елге қайтарудан бөлек, жаңа өмірге тезірек бейімделулері үшін барынша мүмкіндік жасау қажет. Ал, Сабинелла мен басқа да әйелдердің экстремистік исламның арбауынан арылуы біздің бұл мәселеде біршама тәжірибе жинағанымызды көрсетеді. Және онымен біз бүкіл әлеммен бөлісуіміз қажет.

Тьерри Мариани, Еуропарламент депутаты:

- Францияда да Сирияға аттанған әйелдер мәселесі бар. Олардың дені жесір, балалары жетім қалған. Сондықтан Франция бұл мәселеде алдымен балаларды елге қайтаруды мақсат тұтады. Кейін ересектердің ісін жеке-жеке қарастыруды көздейді. Жалпы Францияда исламның радикалды бағыты кең таралған. Ал, сіздердің елде исламға деген көзқарас өзгеше.

Жиналған жұрт балалар мен әйелдердің жаңа өмірге қалай бейімделіп жатқаны туралы сұрады. Сондай-ақ оларды содырлардың кінәсін дәлелдеуге қажетті айғақтардың қалай жиналып жатқаны да қызықтырды.

Сергей Швейкин, ҚР ҰҚК Терроризмге қарсы орталық штабы басшысының бірінші орынбасары:

- «Жусан» операциясы аясында елге оралған 33 ер адамның 31-іне сот үкімі шығарылып, олар қамауға алынды. Қалған екі азаматқа қатысты іс әлі сот қарауында. Бұдан бөлек, тағы 12 әйел адам сотталды. Бірнешеуіне қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы бүгінде 60 шақты қазақстандық әлі қақтығыс жүріп жатқан аймақта қалып отыр. Қазіргі уақытта оларды елге қайтару мәселесі қаралып жатыр.

Жалпы конференция қатысушылары Қазақстанның қақтығыс жүріп жатқан аймақтардан өз азаматтарын елге қайтару бойынша гуманитарлық акция өткізу тәжірибесін жоғары бағалады.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы