423.81 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматының бас санитарлық дәрігері туристік сапарларды кейінге қалдыру керектігін айтты

  • 524
  • UPD: 10:38, 06.02.2020
Алматының бас санитарлық дәрігері туристік сапарларды кейінге қалдыру керектігін айтты

Әлемнің 27 елінде коронавирус анықталды.

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев хабарлағандай, бүгінгі таңда қалаға қауіпті аймақтардан 6324 адам келген. ҚХР және басқа елдерден келетін барлық адамдар инкубациялық кезең аяқталғанға дейін (14 күнге дейін) бақылауда болады.

Айтуынша, қала емханаларында ЖРВИ және тұмау белгілерімен медициналық көмекке жүгінген пациенттерді тексеру және анамнез жинау үшін жеке кіретін фильтрлі кабинеттерінің жұмысы ұйымдастырылды. Қытайдан келген және олармен байланысқа түскен азаматтарда вирустық инфекция диагностикасы зев жағындысын іріктеу арқылы жүзеге асырылып, Алматы қаласы бойынша ғылыми сараптама орталығының филиалына жеткізіледі.

«Жұқпалы аурухана стационарларының деңгейінде вирустық инфекция клиникасы бар аурухана науқасты изолятордың боксталған палатасына орналастырады, қан сарысуын және жағынды алады және оларды М.Айқымбаев атындағы Орталық референс-зертханаға жібереді», - деп түсіндірді Т.Әбілдаев.

Айтуынша, мегаполисте коронавирустық инфекция тіркелген жоқ. Алматы қаласы бойынша қауіпті аймақтан келген, ЖРВИ мен тұмау анықталған 25 адамның барлығы ауруханаға жатқызылды. Оның 11-і жазылып, 14-і қалалық ауруханаларда, оның ішінде үш бала және екі ата-ана бар. Барлық пациенттердің жағдайы тұрақты.

Сонымен қатар Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінгенін, жақын арада Алматы қаласына түсетін медициналық бетперделердің резервтік көлемі сатып алынғанын хабарлады.

Өз кезегінде мегаполистің бас санитарлық дәрігері коронавирусты инфекциясы тіркелген елдерге баруды жүзеге асыратын туристік ұйымдар мен тұлғаларға арналған ұсыныстарды түсіндірді.

«Коронавирусты жұқтыру жағдайлары тіркелген аймақтарға сапар шегуді кейінге қалдырған жөн. Қазіргі уақытта 27 елде коронавирус табылды», - деді Алматы қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова.

Алматыда қала аумағына келетін халықаралық рейстердің скринингі бойынша жұмыстар жалғасуда. 30-дан 60-қа дейінгі халықаралық әуерейстерді 120 эпидемиолог бақылауда ұстайды. Ұшақтардың борттарында коронавирустық инфекцияға күдікті адамдарды оқшаулауға арналған бокстар бар. Оларды экипаждың арнайы дайындалған қызметкерлері алып жүреді.

Қазіргі уақытта 17 азамат тест-жүйелерімен диагностикадан өткен. Коронавирус жағдайы анықталған жоқ. 5 ақпандағы жағдай бойынша қалада 206 мың бетперде бар.

Коронавирустың алдын алу мақсатында және ЖРВИ мен тұмаумен сырқаттанушылықтың көтерілу кезеңін ескере отырып, жиі қолды жуу, үй жануарларымен немесе жабайы жануарлармен тығыз байланыста болудан аулақ болу, азық-түлікті мұқият термиялық өңдеуден өткізу, көкөністер мен жемістерді жуу, катаральды белгілері бар адамдармен байланысқа түспеуге тырысу, халықтың жаппай жиналатын орындарында жүрмеуге тырысу, аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгіну немесе дәрігерді үйге шақыру керек.

Ақпарат көзі: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы