443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда Жеңістің 75 жылдығына арналған эстафета басталды

  • 413
  • UPD: 16:31, 06.02.2020

Бүгін Алматыда Жеңістің 75 жылдығына арналған эстафета басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шара 28 гвардияшыл-панфиловшы саябағында өтті. Эстафетаның негізгі белгісі – Панфиловшылар дивизиясының жауынгерлік туы республика қалаларын аралап шығады.

Ұлттық ұлан сарбаздарының қолына тапсырылған бұл байрақ – белгілі Панфиловшылар дивизиясының жауынгерлік туының көшірмесі. Ал Ұлы Отан соғысында жауынгерлерге рух берген тудың түпнұсқасы бүгінде 8-гвардияшыл панфиловшының штабы орналасқан Қырғызстанда сақталған.

Алуа Байқадамова, генерал-майор И.В.Панфиловтың жиен немересі:

- Панфиловшылар дивизиясының туы кезінде Қызыл алаңда өткен Жеңіс шеруінде де желбіреп шықты. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Сондықтан өткен жылы біз бұл тудың көшірмесін жасаттық. Оны шеберлер үш ай бойы қолмен тікті.

«Біз – Жеңістің мұрагеріміз» атты эстафетаның Алматыдан басталуы да тегін емес. Дәл осы қалада 1941 жылы генерал-майор Иван Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы жасақталған болатын.

Қан майданда бір емес, бірнеше мәрте ерлік көрсетіп, табандылығымен танылған бұл дивизияның 28 жауынгері де, Кеңес Одағының батыры атанған. Ал оның 11-і ең жоғары марапат – Ленин орденімен наградталады. Кеңес Одағының батыры, даңқты жауынгер Бауыржан Момышұлы да осы құрамда болатын.

Мұхамедқали Сатов, генерал-майор:

- Біздің батырымыз Б.Момышұлы сол дивизияда командир батальонынан бастап, дивизия басқарғанына дейін жеткен. Екінші айтайын деп едім, Мәскеуде шайқас болғанда сонда ол бірінші дивизия ол гвардиялық атын алған. Басқа еш жерде болған жоқ, ол дәл сол соғыста ең бірінші алған сол, 8-гвардиялық дивизия гвардия атағын алған.

«Еліміздегі әскери құрылымдардың қатысуымен басталған эстафетаның мақсаты – жауынгерлердің ерлігіне құрмет көрсету», - дейді ұйымдастырушылар.

Зейнеп Ахметова, Б.Момышұлының келіні:

- Барлық адамдар қалай ма, қаламай ма, бұл біздің ұлы тарихымыз. Үлкен-үлкен белес, халқымыздың басынан өткен. Тылда болсын, майданда болсын. Егер де сол кезде аталарымыз өзінің қанын да, жанын да аямай, сол жеңіске жетпеген болса, қазір біздің жағдайымыз қандай боларын Құдай біледі.

Панфиловшылар дивизиясының жауынгерлік туы 11 мың шақырымды артқа тастап, еліміздің 24 қаласынан өтеді. 5 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласына жеткізіледі. «Ал 7 мамырда сарбаздар елордада өтетін салтанатты шеруге ұстап шығады», - дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Алуа Маханбет, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы