423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Бұрынғы Ақмола бекінісіне биыл 190 жыл толады

  • 761
  • UPD: 11:46, 07.02.2020

Шамамен 2 ғасыр бұрын Ақмола округын ашу туралы шешім қабылданып, картада жаңа қала пайда болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ бұрынғы бекіністің қай ауданда орналасқанын қазір көпшілік біле бермейді. Бұрынғы ғимараттың қазіргі қызметі туралы білетіндер де көп емес.

Елорда тарихында кезекті мерейтойлық дата. Өйткені биыл көне Ақмола қаласының құрылғанына 190 жыл толады. 1832 жылы бекініс пен мұнарасы бар Ақмола сыртқы округі құрылды.

Мұнараның қандай болғанын көне фотодан көруге болады.  

Мирлан Алтынбек, тілші:

– Бірі білсе, бірі білмес. Өткен ғасырдың 30-жылдары бекініс орнына қазіргі қалалық стадион салынды. Оның негізгі қақпасы бұрынғы мұнара орнында болған. Уақыт өте келе нысан бірнеше рет өзгертілді, сан мәрте жаңғыртылды. «Шоқ», «Дауылпаз», «Еңбек», «Торпедо», енді белгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасов есімімен аталады.

Бертің келе бұрыңғы бекініс бұзылып, одан қалғанның бәрі бөлшектеп әкетілді. Бүгінге дейін сақталған және қамалға тікелей қатысы болған негізгі нысандардың бірі – Константин-Елена шіркеуі.

Теміртас Ысқақов, «Fading.Tse: ретроспектива столицы» жобасының жетекшісі:

– Қамал желтоқсан мен Кенесары және қызыл көшелері аумағында, қазіргі Сарыарқа даңғылы бойында орналасқан. Қызығы сол, бекіністің оңтүстік бөлігі Есіл өзенімен шектесті. Ол кезде жағалау құламалы болатын.

Шаһардағы көне жерлердің біріне «Жасыл мешіттің дуалын» да жатқызуға болады. Қазіргі Республика мен Абай көшелерінің қиылысында орналасқан. Кейін бұзылған мешіттің бүгінде тек ақ түсті дуалы сақталған. Нысан 1895 жылы жергілікті бай татар көпес Нұрмұхамет Зәбировтың қаражатына салынған. «Жасыл мешіт» туралы елордалықтар қаншалықты біледі?

БЛИЦ:

– Тарихын білмеймін.

– Қалаға көшіп келгенімізге көп болмады. Сондықтан әзірше білмейміз. Уақыты келгенде, біле жатармыз.

– «Жасыл мешіт» дуалының өткен ғасырда салынғаны көрініп тұр. Нысанның тұрғызылған жылын қабырғаға ілінген тақтадан көруге болады.

Теміртас Ысқақов, «Fading.Tse: ретроспектива столицы» жобасының жетекшісі:

– 19 ғасырдың ортасында бұл жерде базар болды. Қаланың бас алаңына қарама-қарсы орналасқан. Ал қазіргі қала әкімдігінің орнында Александр-Невский соборы болатын.

Көне шаһардың бас шіркеуі еді. Ол кезде Ақмола қаласында жыл сайын жәрмеңке ұйымдастырылатын. Іргедегі ауыл тұрғындары татар мен орыс көпестермен сауда-саттық жасайтын.

Сол жылдары жергілікті тұрғындар Ақмола бекінісі мен бұрынғы базар аралығын алатын аумаққа көше бастады. Бірнеше онжылдықтан соң сауда алаңы жабылып, орнына «Тың игерушілер сарайы» тұрғызылды. Ал бұрынғы сарай орнында қазір «Астана» концерт залы орналасқан.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Марк Брюшко, Жандос Битабаров, Нұрғали Мамурбаев

Хабар 24 телеарнасы