430,69 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Аягөзде халық көтерген мәселелер шешімін тауып жатыр

  • 1147
  • UPD: 22:07, 09.02.2020

40 мыңнан астам тұрғыны бар Аягөз қаласында жөні түзу аялдама жоқ еді. Жолдар тозған, кей көшелерде жарық деген атымен болмаған. Халықтың есептік кездесулер мен әлеуметтік желілерде көтерген осы мәселелері енді шешімін таба бастады.

Былтыр бюджеттен 7 миллион теңге бөлініп, 20 аялдама салынды. Биыл тағы 20-сын тұрғызу жоспары бар. Көшелер де асфальтталып, жағалай шам орнатылып жатыр.

Аягөз қаласындағы көшелермен бірнеше бағытқа қоғамдық көлік қатынайды. Тұрғындар бұрын ықтап тұратын жабдықталған аялдамалардың жоқтығына налитын. Енді міне бұл сұрақ та шешімін тауып, 20 нысан ел игілігіне берілді. 

Мұрат Жұманов, Аягөз қаласының тұрғыны:

- Аягөзде мысалы жел, боран болады. Суық жел, жазда жаңбыр, ықтап тұрғанға. Әсіресе балаларға жақсы болды аялдамалар. Қаламыз көркейіп, міне асфальт салып, мына жерге асфальт төселген жаңадан бәрі. 9-шағын ауданға, Жамбыл, Уәлиханов көшелеріне. Бұрын жоқ болған, мына жердің бәрі қара жол болып. Сондай сондай істер жасалып жатыр енді, жақсы. Көңілімізден шығады енді. 

Өткен жылы 8 көшеге асфальт төселсе, 35 көше қиыршық құммен тегістелген. Соның бірі Ахмет Байтұрсынов көшесі. Бұрын бұл жер көктем мен күзде батпақ, түнде қараңғы болатын. Енді тұрғындар игі өзгерістерге ризашылықтарын білдіруде.

Қайырғали Тұраров, Аягөз қаласының тұрғыны:

- Байтұрсынов көшесіне су кірді, қазір осы көше бойында қазір сумен қамтамасыз етілді. Енді биыл мына көшеге жарық орнатып, 5-мектепке баратын балаларға жарық. Әсіресе балаларға жақсы болды, балалардың келіп кеткеніне. Келешекте осы Аягөз көркейеді деген ойдамыз. Көркейіп те келе жатыр. 

Болат Сүлейменов, Аягөз ауданы әкімінің орынбасары:

- Түйткілді мәселелерді әлеуметтік желі арқылы халықтың мұң мұқтажын ескере отырып, жұмыстар шешімін тауып жатқаны сол әлеуметтік желілердің арқасында, халықпен қарым-қатынас арқасында осындай бірталай көшелер жарықтандырылып, мұң-мұқтаждары шешіліп жатыр. Биылғы жылы да қалада бірқатар жұмыстар атқарылады. 20 көшені асфальттау жоспарлануда, 15 көшеге жарық тарту сондай жұмыстар өз шешімін табатын болады.

Аягөз ауданында биыл сондай-ақ бірнеше ірі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Аудан орталығында 60 пәтерлі қос көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, Ақтоғай кентінде денешынықтыру сауықтыру кешені бой көтермек. 

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы