Оралда кейінгі 4 жылда 17 апатты үй бұзылып, орнына жаңадан бесеуі салынды. Әкімдік, инвестор және тұрғындар арасындағы үшжақты келісім бойынша ескі үйдің орны құрылыс компаниясына тегін беріледі. Ал инженерлік инфрақұрылым мен абаттандыру жұмыстарын әкімдік өз мойнына алады. Есесіне, Құрылыс компаниясы тұрғындарды уақытша баспанамен қамтамасыз етеді. Кейін жаңа үйді салған соң пәтер береді. Облыс орталығында 1200-дей көп қабатты үй болса, қазір соның 200-і әбден ескірген. Ал 41-і апатты жағдайда тұр.
Асхат Шадияров, қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары:
- Бұл жоба арқылы 2020 жылы №31 мектеп ауданында орналасқан үйлерді бұзу жұмыстарын атқару жоспарда бар. Ол жерге құрылыс жұмыстарын жүргізетін мекеме анықталды. 10-нан астам үйді бұзу жоспарлап отырмыз.
Маргарита Васильева, қала тұрғыны:
- Кешкісін үйде болған кезде қабырғалар сықырлайды. Пойыз өткен кезде солқылдап тұрады. Тұсқағаз жапсырғанда, бұрыштары жан жаққа кетіп қалады. Төбені де жамап үлгермейміз, жыл сайын сызат түседі. Өткен күзде бізді көшіреді, жаңа үй береді деген. Соны күтіп жүрміз.