427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда Жеңістің 75 жылдығына арналған түрлі акция өтіп жатыр

  • 693
  • UPD: 22:43, 09.02.2020

Оралда Жеңістің 75 жылдығына арналған түрлі акциялар өтіп жатыр. Сондай шараның бірі Сталинград шайқасына арналды. Сұрапыл соғыста бұл шаһарға ең жақын тылы Батыс Қазақстан өңірінен азық-түлік пен киім-кешек үзбей жіберіліп тұрған. 

Меңжан Әбдірахманов 1945 жылы Мәскеуде өткен Жеңіс шеруіне қатысып, тарихи оқиғаны өз көзімен көрген санаулы майдангердің бірі.

Сұрапыл соғысқа 1943 жылы Жымпиты ауданынан шақырылған. Кейін минометшілер полкінің құрамында талай мәрте ұрысқа қатысып, жауға тойтарыс берді. Бүгінде жасы тоқсаннан асқан ақсақалдың арманы біреу. Ол әлемде бейбітшілік пен тыныштықтың сақталуы ғана.       

Меңжан Әбдірахманов, соғыс ардагері:

- Мына әсем күн қазіргі бұл пәленбай миллиондаған адамдардың еңбегінің нәтижесі. Біреулер соғыста өліп қалды, біреулер тылда таңның атуы күннің батуы тылда жұмыс істеді. 17 жасымызда соғысқа алынып кеттік. Содан 7 жыл әуелі герман соғысы, одан кейін жапон соғысында болып 7 жылдан кейін аман кедік елге. Сондықтан да мына жастарға айтарым мына қарттардың еңбегін сыйласын. 

Сұрапыл соғыста Жәнібек пен Сайхын және Орда станцияларының жау ұшақтарының шабуылына жиі ұшырап тұрғаны тарихи шындық. Өйткені майданға қажетті нәрсенің бәрі осы елді мекендердің үстімен өтетін темір жол арқылы жеткізіліп тұрды. 

Құжырғали Төлеуішов, мәдениет қайраткері:

- Олар енді күнен күнге азайып бара жатыр. ертең осыдан 10 жылдан кейін  жеңістің 80-100 жылдығында адам қалмайды деп олйлаймын. Біздер мына бір группа осы БҚО-нан ҰОС-на қатысқан жерлестеріміз туралы өзің білесің фильм жасап жүрміз, документальный фильмдер. Осыларға ол өлместей ескерткіш болып қалды. негізгі міндетіміз келесі ұрпаққа жеткізу осы ерлікті. 

Сұм соғыстың үні өшкелі көп уақыт өтсе де сол бір сұрапыл кезеңнің жәдігерлері әлі табылып жатыр. Қазақстан мен ресейдегі іздестіру жасақтарының мүшелері майданда  қаза болған жауынгерлерді тауып, тың мәліметтерді жариялап тұрады. Оралдық із кесушілер Бөкей ордасы ауданының аумағынан 14 сарбаздың мүрдесін тапса, ресейлік әріптестердің де бұл саладағы еңбегі айтарлықтай.      

Алексей Медведев, «Курган» іздестіру жасағының командирі /Волгоград қаласы, РФ/:

- Майданға Қазақстаннан шақырылған сарбаздардың көбі Сталинградтың оңтүстік бөлігінде болған ұрыста қаза тапқанын анықтадық. Мысалы, желтоқсан айында немістің 150-дей танкісіне тойтарыс берген 81-ші кавалериялық дивизиясы 1 тәуліктің ішінде болған ұрыс кезінде жеке құрамның 1800 жауынгерінен айырылған. Сондықтан, бұл жеңістің бізге оңайлықпен келмегенін, оған әр ұлттың өкілі өз үлесін қосқанын кейінгі толқын біліп жүруі тиіс деп санаймын. 

Мамыр айына дейін Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандарында ұлы жеңіске үлес қосқандарға арнап ескерткіш қойылады. Сонымен қатар Орал қаласындағы Жеңіс алаңы жаңғыртылып, барлық ескерткіштер мен мемориалдық тақталар жөндеуден өткізілмек. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы