376,16 406 5,90

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында 2,5 мың отбасыға АӘК тағайындалды

  • 83
  • UPD: 22:44, 09.02.2020

Қарағанды облысында бір айдың ішінде 2 жарым мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бірақ бұл былтырғымен салыстырғанда 4 есе кем.

Мамандардың айтуынша, жаңа тәртіпке сәйкес, мемлекеттік жәрдем тек нағыз мұқтаж отбасыларға беріледі. 

Жалғызбасты ана Мейрамгүл Шілтебаева былтыр үш баласына 78 мың теңге шамасында атаулы әлеуметтік көмек алып келген. Биыл мемлекеттік жәрдемнен қағылды. Кенже баласы 3 жастан асқандықтан жұмысқа шығуы керек. Бұл жаңа заңның талабы. 

Мейрамгүл Шілтебаева, Қарқаралы қаласының тұрғыны:

- Егерде мен жұмысқа шықпаймын деп жұмыстан бас тарсам, маған уже әлеуметтік көмек төленбейді. Көбісі енді сол ақшаның арқасында жұмысқа шыққылары келмеді, сондықтан дұрыс деп ойлаймын. Жұмысқа шығу керек, жұмыс істеу керек. 

Осылайша Мейрамгүл секілді көптеген аналар қазір масылдықтан арылып, еңбекке араласып жатыр. Кейбірі кәсіп ашуға ниеттенген. Табысы аз болса атаулы әлеуметтік көмек алады. Бұған қоса тоқсан сайын әр балаға кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріліп отырмақ.

Анар мерсалимова, Қарқаралы аудандық жұмыспен қамту бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Сонда орташа алып келгенде, азық-түлік пакеті бір балаға 4707 теңгеден келеді. Сосын тоқсан сайын, 3 айда бір рет гигиеналық құралдар беріледі әр балаға, ол 1740 теңгеден келеді.

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған отбасының 6-дан 18 жасқа дейінгі балаларына сондай-ақ мектепте ыстық тамақ, оқу құралдары, киім-кешек үлестіріледі. Ал кәмелет жасқа толмаған 4 және одан көп баласы бар жанұяларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Ондай төлемді жыл басынан бері Қарағанды өңірінде 13 мың отбасы алып отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы