443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысындағы маңызы бар жолдарда мыңнан астам кемшілік анықталған

  • 253
  • UPD: 08:01, 10.02.2020

Өткен жылы Түркістан облысы аумағындағы республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарда мыңнан астам кемшілік анықталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нәтижесінде сапасыз салынған 94 мың шаршы метр жол жабындысы қайта төселіпті. Мердігерлердің шала-шарпы тірлігін облыстық жол сапасын тексеру орталығы әшкерелеген. Орталық мамандары жол сапасын ғана емес, жолға төселетін материалдарға да сараптама жасайды.  

Қазір мемлекет еліміздегі жолдардың сапасын жақсартып, асфальт төсеуге қыруар қаржы бөліп отыр. Алайда кейбір жауапсыз мердігер мекемелер жол салуда салғырттыққа жол береді. Мәселен, өткен жылы Түркістан облысы аумағындағы республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың сапасын анықтау үшін 689 рет тексеріс жүргізіліпті. Оны облыстық жол сапасын тексеру орталығы жүзеге асырған.

Зайра Шаймұратқызы, орталықтың құрылыс жұмыстары бойынша инженері:

– Cоңғы жылдары автомобиль жолдарын салуға, солардың құрылысына қыруар қаржы бөлінді. Бірақ сол елді мекен тұрғындары жол сапасына шағым айтуда. Сондықтан біздің мекеме әкімшілікке көмек ретінде құрылды. Осы жолдардың сапасын бақылап, бірге сараптаймыз.

Орталық арнайы жылжымалы зертханамен қамтылған. Мамандар соның көмегімен мыңнан аса кемшілікті анықтағандарын айтады. Нәтижесінде тапсырыс беруші мен мердігерлерге тиісті талап қойылып, ақыры сапасыз салынған жолдың 94 мың шаршы метрі қайта төселген. Өткен жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 74 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деп танылса, биыл бұл көрсеткішті 77 пайызға жеткізу көзделуде.

Жандос Жұмабек, тілші:

– Айта кетейік, Түркістан облысында барлық жол мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 16 746 шақырымнан асады. Биыл автомобиль жолдары саласын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен 37 млрд теңге бөлу жоспарланып, оған 869 шақырым жол мен елді мекен көшелерін жөндеу көзделіп отыр.

Алайда бұл қыруар қаржының «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпес үшін облыстық автомобиль жолдары басқармасы мен бірқатар аудан басшысы облыстық жол сапасын тексеру орталығымен келісімшартқа отырған. Енді жолдың әр сантиметрі өлшеніп, сапасы сарапталып отырады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы