432,55 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да волонтерлердің көмегімен жалғызбасты ана баспаналы болды

  • 254
  • UPD: 08:03, 10.02.2020

Батыс Қазақстан облысында 10 мыңдай адам волонтерлер сапында еңбек етіп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Белсенді жандар көрсететін қызмет аясы өте кең. Олар мұқтаж жандарға тек материалдық көмек көрсетіп қоймай, әлеуметтік қызметкер, заңгер және психолог мамандарынан кеңес алуға да жәрдемдеседі.

Айнұр Жанахметова жалғызбасты ана ретінде тұрмыстың тауқыметін көп тартыпты. Қазір қала шетіндегі құрылыс нысандарының бірінде күзетші ретінде тұрып жатыр екен. Келіншектің қиын жағдайынан хабардар болған волонтерлер бірден іске кірісті. Бастамашыл жастардың көптеп-көлемдеп жүріп тапқаны – мына бір баспана. Өздері жинаған қаржыға жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Айнұр Жанахметова, қала тұрғыны:

- Жастар, студенттер көмектесіп жатыр. 3 ай күзетші ретінде тұрдық. Бұл маған уақытша берілді. Үй кезегінде жалғызбасты ана ретінде тұрмын.

Әзірге газ тартылмаған пәтер пешпен жылиды. Жөндеу жұмыстары біткен соң келіншек бір баласымен осы үйге көшіп келмек. Волонтерлер өз жұмыстарын тыңғылықты атқаруға тырысады. Солардың бірі Мөлдір есімді бойжеткен ізгілік істердің жалғасын тауып, қатарлары көбейе түсеріне сенімді.

Мөлдір Сұлтангереева, волонтер:

- Мен отты бүгін бірінші рет жақтым. Қиын емес екен. Біздің ауылда көбі от жағады, газ да бар. Бірақ мен өз басым от жағып көрмеппін, бір үйге жылу сыйлағандай болып тұрмын өзім. 

Мейірбек Нұркен, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы:

- Еріктілер әрбір отбасыға көмектесіп жатқанда, кейде қиыншылық болады. Бірақ өзіміз ресурстық орталығынан алдын ала бір нысанға жіберерде, адаммен қарым-қатынасты, психологиясын зерттеуді үйретеміз.

Қайырымдылық жасауға өңірдегі өнерлі жастар да атсалысып тұрады. Мысалы, асабалық қызмет атқарып жүрген Құдайберген Сұлтанияров қамқорлыққа зәру кейіпкерімізге қажетті қаржыны әлеуметтік желідегі парақшасының көмегімен жинапты.  

Құдайберген Сұлтанияров, қала тұрғыны:

- Бас-аяғы бір-екі күннің ішінде халықтан 200 мыңдай қаражат жинап, өзімен ақылдаса келе, уақытша тұруға үй берілген екен, соны жөндеуге кірісіп кеттік. Мұндай ігілікті істер жасалып жатыр.

Волонтерлер жылына орай жоспарланған жұмыстар баршылық. Қариялар үйінде жиі болып тұратын жастар жуырда балалар ауылына шанамен сырғанауға арналған төбешік тұрғызды. Ерікті болу – еріккенің ісі емес. Өз қызметімізді шын ниетпен, ыстық ықыласпен атқаруға тырысамыз. Ол үшін бізге ештеңе де керек емес. Адамдардың ақ ниет, адал көңілмен айтқан алғысы бізге жетіп жатыр дейді жастар.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы