419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Б.Сапарбаев: Қордайда төтенше жағдай әлі сақталады

  • 520
  • UPD: 20:52, 10.02.2020

Қордайда төтенше жағдай әлі сақталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Полиция мен Ұлттық ұлан жасақтары аудандағы жұмысын әзірге жалғастыра береді. Соңғы 2 тәулікте атқарылған шаруаны баяндаған Үкіметтік комиссия жетекшісі Бердібек Сапарбаев осылай дейді.

Қордай ауданының 5 ауылындағы жағдай толық тұрақталмайынша төтенше жағдай сақталады. Үкіметтік комиссия жетекшісі Бердібек Сапарбаев бүгін осылай деп мәлімдеді. Полиция мен Ұлттық ұлан жасақтары қызметін жалғастыра береді.

Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Бүгін таңертең екі шекара бекетінде болдық. Әрі қарай өткендердің саны 24 мың. Кешеден бастап әрі қарай өткен балалар, аналар, ақсақалдар, бір күннің өзінде 4 мың адам қайтты. Ауқатты, Масанчи, Сортөбе елді мекенінде тазарту жұмыстарын бастадық. 2-3 күнде қалпына келтіреміз.

Жұртты арандатып, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғандар билік өкілдеріне қарсы күш қолданып, адам өлтіргендер бойынша 25 қылмыстық іс қозғалды. Бас прокуратураның жетекшілігімен ведомствоаралық топ құрылып, кінәлілер іздестіріліп жатыр. Ресми дерекке сәйкес, қақтығыс салдарынан 10 адам қаза тауып, 140-тан астамы жараланған. Зардап шеккендердің кейбірі шекара асып, қырғызстандық дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Қазір олар елге қайтарылып, қажетті ем-домын алып жатыр.

Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Қазіргі таңда Алматыдан 10 дәрігер шақырылды. Көрші Қырғызстанда 9 азамат медициналық көмекке жүгінген. 7 адамды Алматыға ауыстырдық. Бүгін, ертең 2-еуі оралады. 25 науқас Алматыда жатыр. Қалғандары үйлеріне қайтарылды.

Бүлінген дүние-мүлік те қайта қалпына келтіріледі. Тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетіледі.

Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Шығындардың барлығын заңға сәйкес төлейтін боламыз. Асыраушысынан айырылған отбасыларға көмек көрсетіледі. Ең үлкен мәселе өртенген үйлерді, кәсіпкерлік орындарды қалпына келтіретін жергілікті құрылыс компания болады. Кімде-кім өздері саламын десе, келісімшарт жасаймыз.

Айта кетейік, соңғы 2 тәулікте жағдай тынышталған. «Соған қарамастан, қатаң бақылау болады», – дейді үкіметтік комиссия жетекшісі.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ділмұрат Сейдаханов

Хабар 24 телеарнасы