379,71 406,00 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда консервідегі сиыр етінен доңыздың ДНҚ-сы табылды

  • 168
  • UPD: 00:19, 11.02.2020

Зертханалық тексерулер доңыз етінің шұжықтарға да қосылғанын анықтады, деп хабарлайды «Хабар 24»

Енді мамандар қаладағы барлық сауда орындарынан сынама алып жатыр.

Айзада «халықтық дүкен» атанып кеткен супермаркеттен күнделікті азық-түлігін алады. «Мұндағы баға көңілге қонымды әрі дүкен үйіме жақын»,– дейді ол. Балалары осы жерде сатылатын шұжық өнімдерін жиі сұрайды екен. Олардан шошқа ДНК-сінің табылуы қала тұрғынын абыржытып тастады.

Айзада Серікбаева, қала тұрғыны:

– Жұмыстан шыққан соң үйге баратын жолымда тұрған осы дүкенге кіріп шығам. Жолдасым бұқтырылған етті, балаларым шұжық алуымды сұрап отырады. Енді мына хабарды естіп, тоңазытқыштың ішін тазалап алдым. Ол жерден енді сүт алуға да қорқатын болдық.

Сынамалар 22 сауда нүктесінде сатылымда болған 200-ге тарта азық-түліктен алынған. 17 тағам түрінің сапасы талапқа сай болмай шықты. Бұдан бөлек, жергілікті кәсіпорын шығаратын сүзбе құрамынан ішек таяқшалары табылып отыр.

Асима Жұмабайқызы, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы:

– Ішек таяқшасы тобының бактериялары сүт өнімдері мен оларды әзірлейтін қондырғылардан да анықталды. Құрамы нормативтік техникалық талаптарға сай емес тағам түрін шығарған серіктестікке әкімшілік шара қолданылды. Олар енді 304 мыңнан астам теңге айыппұл төлеуге тиісті.

Шошқа еті қосылған шұжықтарды сатқан дүкен әлі күнге жұмыс істеп тұр. Халал емес тағам ұсынғаны үшін оны жауып тастауға болмайды. Бұл ретте кемі он адам өкілетті органға жазбаша өтініш түсіруі керек. Осыдан соң барып тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті сотқа жүгіне алады.

Мұрат Әділов, өңірлік тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы:

– Бізге мазмұны ұқсас арызбен он немесе одан көп адам келген жағдайда Департамент не Комитет атынан сотқа жүгіне аламыз. Бұл дерек санэпидстанция мамандарымен анықталды. Енді олардың шешімін күту қажет. Супермаркет ірі кәсіпкерлік нысан болғандықтан 50 АЕК түрінде айыппұл салынуы мүмкін.

Санэпидемстанция тексерулері 25 ақпанда аяқталады. Конвсервіленген және шұжық өнімдеріне шошқа еті қосылғанын көрсетпей, халықты алдаған дүкен әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы