429,96 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында қаңғыбас иттер тұрғындардың құтын қашырды

  • 726
  • UPD: 22:53, 10.02.2020

Тап осындай мәселе Ақмола өңірінде де өткір тұр. Жыл басынан бері аймақта 25 адамды ит қапқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алтауы – бала. Бұл – жедел жәрдем бекетінің берген мәліметі.

Мәриямның айтуынша, халық арасында «ескі ет комбинаты» деп аталып кеткен бұл ауданда қаңғыбас иттер үйір-үйірімен жүреді. Тіпті, өткен жылы оның анасын, ал биыл әкесін қауып алған. Абырой болғанда, олар ересек адамдар болған соң, иттерге қарсы тұра алған. «Бірақ балаларға бас салса не болмақ?», – дейді жас келіншек.

Мәриям Байғожина, қала тұрғыны:

– Қаңғыбас иттер – бұл жерде бұрыннан келе жатқан проблема. Іргеде тұрған дүкенге баруға қорқасың. Аялдамаға жетудің өзі бір мұң. Балаларды далаға ешқашан жалғыз шығармаймыз. Мен өткенде осы жағдайды әлеуметтік желіде жариялаған болатынмын. Бізде де сондай жағдай деп, пікір жазып жатқандар өте көп. Тіпті, балаларды да талап тастаған. Бұл мәселені түбегейлі шешпесе болмайды.

Мәриямның сөзін дәрігерлер де қолдайды. Айтуларынша, қаңғыбас иттерден зардап шеккендер саны көбеймесе, азаяр емес. Мәселен, былтыр осы уақытта Көкшетау қаласының өзінде 4 адамды ит қапса, биыл бұл көрсеткіш 2 есеге өскен. Бір қызығы, жауапты мекемелер, жыл сайын 3 мыңнан астам иесіз жүрген ит пен мысықтың көзін жойдық деп есеп береді. Бірақ соның өзінде олармен күресіп үлгермей жатқандарын жасырмайды. Себебі, бұл жұмысқа әкімдік тарапынан тек бір ғана адам бекітілген.

Еркін Есілбаев, «Көкше-Ветсервис» коммуналдық мекемесінің директоры:

– Бір мәшине. Сонымен бәріне жүреді. Күніне қанша? Екі сағатта 20-30-ға дейін барады кейде. Иттің көбі сондай. Күнде шығады. Мынау журналға кейбіреуіне әрбірден соң үлгермейміз. Онымен қатар мынау Красный яр саяжайы, Зеренді жақтағы саяжай тұрғындары сұрайды. Қазір ол жақта да көп.

Қаңғыбас иттер көбіне қаланың шеткі аудандарын мекендейді. Ал оларды аулап, залалсыздандыру үшін жыл сайын 8 млн теңге қаражат бөлінеді. Соған сай жұмыс та жүргізіліп жатыр дейді. Дегенмен, қалада оларды өлтірмеу керек дейтіндер де жоқ емес. Мәселен, жануарларды қорғаумен айналысатын қоғамдық ұйымдар Көкшетаудан қаңғыбас иттерді бағатын арнайы орын ашу керек деп бірнеше жылдан бері дабыл қағып келеді. Алайда, бұған бюджетте әзірге қаржы қарастырылмаған.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко,  Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы