435,54 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскеменде бұралқы иттермен күрес қалай жүргізіліп жатыр

  • 249
  • UPD: 15:29, 12.02.2020

Өскеменнің шетіндегі саяжай ішінде де қаңғыбас иттер қаптап жүр, деп хабарлайды «Хабар 24»

Тұрғындар мектепке баратын оқушылардың өмірі үшін алаңдап, жергілікті әкімдіктен көмек сұрауда. Айтуларынша, тақауда бір топ қаңғыған ит осындағы бір азаматты талап кете жаздаған.

«Магистраль» саяжайындағы үлкенді-кішінің бәрі Дәндібай ақсақал сияқты қолдарына таяқ ұстап жүреді. Өйтпеске амал жоқ. Әр жерден атып шығатын қаңғыбас иттерге тойтарыс берудің жалғыз амалы осы.

100-ге тарта түтіні бар саяжайда қыс бойы тұратындар көп. 15-20  мектеп баласы сабаққа бару үшін қалаға қатынайды. Ауыл аялдамадан да, жөні түзі жолдан да, қоғамдық көліктен де жұрдай. Сондықтан басты тас жолға шығып, ауданаралық автобусқа отырады.Сол себепті де қаңғырып жүрген қабаған иттермен бетпе-бет жиі кездеседі.

Жанар Төлеуова, саяжай тұрғыны:

– Түнде келе жатсақ қамайды. Бір шалғайдағы ары жатқан адамдар сияқтымыз, ешкімге керек жоқ, ешкім ешқандай жағдай жасамайды, иттерді бізге құртып берсе дейміз, сұрайтынымыз сол.

Дәндібай Әубәкіров, саяжай тұрғыны:

– Таяқпен әйтеуір ұрып құтыласың, жақындатпайсың. Аяғыңмен тепсең жұлып алады, олар үлкен-үлкен иттер.

Әкімдік мәселеден хабардар. Шаруа жүйелі жүргізілуде дейді. Биыл қаңғыған ит-мысықтарды аулауға 11 миллион теңге бөлінеді. Ал стерилизация үшін 4 миллион теңге қарастырылмақ.Сондай-ақ бұл мәселені шешудің ізгі жолы да ойластырылыпты. Қараусыз қалған жануарларға қамқорлық көрсету жобасына қала әкімдігі қолдау көрсетпек.

Әлібек Тұрсымбетов, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

– Өскеменде, қаламызда, иттерге арналған орын бар, соларды қолдау жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бұл жерде біз екі жақты да қарастыру керекпіз, дәстүрлі жұмысты атқарып, ату бойынша, сонымен қатар гуманистік әдісті де қарастыруымыз керек.

Әкімдік көмек бергелі отырған орындардың бірі осы. Бұнда иелері керексіз етіп тастап кеткен 120-дан астам итке қамқорлық көрсетіледі.

Аядай жерде отырған қоғамдық ұйымға енді әкімдік тарапынан жер телімі бөлінбек. Ал ұйым болса жануарларға да жауапкершілікпен қарауды міндеттесек дейді. Сонда қаңғыбас ит-мысық саны өзінен-өзі азаяр еді деген сенімде.

Елена Насохова, қоғамдық ұйымның төрайымы:

– Ізгілік те жауапкершіліктен туындайды. Бұл мәселені баяғыда шешіп қойған елдер көп. Солардан үлгі алсақ болғаны. Яғни ит-мысық асырағандарды тіркеу керек және  жануарларға чип салыну керек. Егер сен көп ит түрлерін асырасаң ,онда сен кәсіпкерсің, яғни салық төле. 

Ал чип салынған ит немесе мысық көшеде иесіз қалса, оның иесі жауапқа тартылып, айыппұл арқалауы тиіс. Тек осы айтылғандардың барлығы заң жүзінде реттелуі керек. «Әйтпесе тағы да сөз күйінде қалады», – дейді белсенділер.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы