375,87 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыда қаңғыбас иттерді уақытша ұстайтын орын салынады

  • 105
  • UPD: 21:25, 10.02.2020

Қарағандыда алдағы жазда қаңғыбас иттерді уақытша ұстайтын арнайы орын салынады, деп хабарлайды «Хабар 24»

Бұл бекер емес. Иесіз иттерді жою үшін қазынадан жыл сайын 60 млн теңге бөлініп келеді. Бірақ одан жағдай оңалмай тұр.

Ескі саябақтың орны бүгінде иесіз иттердің мекеніне айналған. Бұл – әзірге қаңғыбас иттерді асырайтын қаладағы жалғыз орын. Волонтерлер өз қаржыларына салыпты. 

Ардақ Асылханұлы, тілші:

– Көзі көрмейтін мына итті волонтерлер 4 жыл бұрын көшеден тауып алған. Осыдан соң олар қаңғыбас иттерді уақытша бағып-қағатын орталық құруды қолға алады. Қазір мұнда төртаяқтылардың саны 100-ден асып жығылады.

Олардың барлығын тамақтандырып, екпе жасау үшін айына шамамен 100 мың теңгеге жуық қаржы кетеді екен. Волонтерлер әзірге тығырықтан шығып жүр. Бірақ иттердің азаятын түрі жоқ. Асырап алушылар өте аз. Жарты жылда тек 4 ит ғана жаңа қожайын тапқан.

Наталья Колесникова, волонтер:

– Кім ақша береді екен деп, қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Қалай болғанда да иттерді асырау керек қой. Тапқан табысымыздың белгілі бір бөлігін жұмсаймыз. Қазір көмекшілеріміз көбейіп келеді. Қайырымды жандар қолғабыс жасап тұрады.

Қазір ветеринария басқармасы қаңғыбас иттерді қабылдайтын тиісті орынның жобасын әзірлеп жатыр. Құрылыс жұмыстары жазда басталмақ. Алайда, мұнда иесіз иттерді тек 5 күн ғана ұстап, бостандыққа жіберетін болады.

Қайырбек Тұрсынбеков, ветеринария басқармасының басшысы:

– Мұның негізгі бағыты, бұл уақытша ұстайтын үй-жайдың, ол итті тіркеу, костарция, бюстелизация процесін жүргізу, есепке алу. Әрі қарай асырап алушылар болса, күтушілер болса, соларға беру. Ал енді 60 күн бойы немесе үздіксіз жыл бойы оны күту мүмкін емес. Өйткені ол өте көп қаражатты қажет етеді.

Қаңғыбас иттерді жылдар бойы бағып-қағуды қазына қаржысы көтермесі белгілі, әрине. «Бірақ босатып жіберуге тағы болмайды», – дейді жан-жануар қорғаушысы Инна Радченко. Себебі қоғамға қауіпті. Мысалы, тек өткен жылдың өзінде 1600 адамды ит қауып алған.

Инна Радченко, «Жақсылық сыйла» қоғамдық бірлестік төрайымы:

– Қаңғыбас иттерді бес күннен кейін босатып жіберуге біз қарсымыз. Асырап алатын адам тапқанша қамауда ұстаған абзал. Сосын қожайынның жауапкершілігін күшейту керек. Ол үшін заңға өзгеріс енгізген дұрыс. Жұрт иесіз жануарды қамқорлыққа алуға ынталы болуы тиіс. Мысалы, әлемнің кейбір елдерінде ондай жандар салықтан босатылып, ветеринарлық клиникаларға жеңілдік жасалады екен.

Егер үй жануарларына жаппай чип орнатуды заң тұрғысынан міндеттесе, қаңғыбас иттердің қожайынын тауып алу оңайға түсер еді дейді мамандар. Сонда жауапкершілік те артады. Бірақ ол үшін заң керек.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы