427,41 517.06 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Табиғаттың тосын мінезі елордалықтарды әуре-сарсаңға салды

  • 946
  • UPD: 21:27, 10.02.2020

Арқаның қысы әбігер туғызып тұр. Қыстың сызы әсіресе елордалықтарды әуреге салды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Ат құлағы көрінбейтін ақ түтек боран енді басылғанда, жаңбыр жауып, бас шаһардағы көше арасы көкала мұзға айналды. Күн райының сан құбылғаны біраз жұрттың көңіліне кірбің салған екен..

Әлекке салған ақпан айы. Кеше елордада көктемнің лебі есіп, жаңбыр сіркіреді. Іле-шала аяз көтеріліп, ізінше қар жауды. Бүгін қала көшелері айнадай жалтырап жатыр. Көктайғақ. Қуаныш Оразханов ыстық тамақ жеткізумен айналысады. Әр күні жол үстінде өтетін астаналық азамат ауа райының тосын мінезіне үйрене алмай жатқанын мойындады.

Қуаныш Оразханов, қала тұрғыны:

– Иманова деген көшеде көпір бар. Сол көпірден түсе берісте өте көлік апаты көп болады. Өйткені, мәшине келе жатады. Түсер кезде жылдамдықты көтеріліп, көлік тоқтай алмайды. Өйткені, суық тез түседі. Ал кеше кішкене сулы көшелер көп болды.

Мамандардың айтуынша, биыл Нұр-Сұлтан қаласынан 3 356 мың текше метр қар шығарылған. Бұл былтырғыға қарағанда екі есе көп. Қардың ерте ери бастауы елордалықтарды алаңдатып қойды. Кәріз жүйелерінің жағдайы қандай? Бір-ақ күнде біраз аумақты су алғаны рас. Дегенмен, күн күрт суып, арты көктайғаққа алып келді.

Жұмагүл Мұратқызы, қала тұрғыны:

– Қиынға соғады. Біз аяғымыз ауыратын кісіміз. Ең болмағанда жаяу жүргіншілер жолын тазалап тастауға болады ғой. Бала жүреді, үлкен жүреді. Біреу жұмысқа асығып бара жатады. Мұның бәрі айналып келгенде жарақат алуға әкеп соғады ғой.

Ақбота Жиенбекова, қала тұрғыны:

– Кеше қар еріп жатқан кезде көшенің барлығы суға толды. Оны арнайы техникамен тазалап жүргенін көрдім. Әкімдіктен адамдар жұмыс істеп жүрді. Күрекпен тазалады. Бірақ су кәдімгідей машинаның дөңгелегі батып кететіндей болды. Жағымсыз көрініс болды шынында да. Біз аялдамадан алшақ тұрдық, әйтпесе су біздің үстімізге шашырап кетеді.

Қалада қар төгетін төрт полигон болса, оның екеуі толып қалған. Бірақ, мамандар жұмысты кідіртпейді. Қар ерітетін 3 арнайы техника алыныпты. Мердігерлердің де жауапкершілігі назарда.

Медеу Ражанов, «Астана тазалық» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары:

– Биылдан бастап келісімшарттардың барын 3 жылға беріп жатыр. Мердігерлік ұйымдар өздерінің қаражатын біледі қанша қаражат қай жылға белгіленген екенін. Олар бір жылдық келісімшартқа қарағанда 3 жылдықтың болашағы бар. Бұл жұмыстар одан да жақсы ұйымдастырылатын шығар.

Былтыр ел аумағында су тасқының алдын алып, төтенше жағдайды болдырмауға 72 млрд теңге бөлінген. Биылғы шығын да аз болмайтын сыңайлы.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ерзат Зайытхан, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы