423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Биыл Шардара халқы көгілдір отынның иігілігін көреді

  • 943
  • UPD: 12:29, 11.02.2020

Биыл Шардара қаласының халқы көгілдір отынның иігілігін көреді. Осыдан 3 жыл бұрын құрылысы басталған №18-ші газ тарату станциясының жұмысы толық аяқталып, мемлекеттік қабылдаудан өтті. Қазір қаланың іші мен іргелес жатқан елді мекендерге газ құбыры тартылуда. Нәтижесінде биыл Шардара қаласынан бөлек тағы да 11 елді мекен табиғи газға қосылады деп күтілуде. 

Бұл аудан орталығына жақын орналасқан Жаушықұм елді мекені. Мұнда үш жүзден астам отбасы тұрады. Ауылға жақында тіршілік нәрі келді. Көшелерге асфальт төселіп, жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Алайда көгілдір отынға әлі күнге қол жеткізе алмай келеді. Бірақ ауыл тұрғындары жақсылықтан үмітті.

Шолпан Елубаева, Жаушықұм ауылының тұрғыны:

- Газ жоқ, қаладан құйдырып әкелеміз. 2020 жылы келеді деп жатыр. Келіп қалар деп отырмыз. Осы газ ғой, басқасының бәрі жақсы. Асфальтіміз бар. 3 айдай болды су берді, қазір рахат боп қалды. Үйден де ағып, краннан да ағып жатыр.

Шардара ауданында 1 қала, 10 ауылдық округ бар. Бүгінгі күні аудан халқының 17 пайызы, яғни 3 елді мекен ғана табиғи газ көзіне қосылған. Наурыз айында тағы да 6 елді мекенге газ кіреді деп жоспарлануда. Ол кезде аудан халқының 34 пайызы көгілдір отынға қол жеткізеді. Осыдан 3 жыл бұрын ауданда №18-газ тарату станциясының құрылысы басталған болатын. Өткен жылдың қараша айында сол станцияның құрылысы толық аяқталып, мемлекеттік қабылдаудан өтті.

Мамандардың айтуынша, қазір жауапты мекемеге өткізіп беру, құжаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Жоба құны 2,9 млрд теңге. Республикалық бюджеттен қаржыландырылған. Алдағы 1-2 айда 80 мың тұрғыны бар Шардара қаласы мен іргелес жатқан ауылдар да өркениеттің игілігін көре бастайды. 

Нұрмахамбет Сапаров, Шардара ауданы әкімінің орынбасары:

- 6 мөлтек ауданның жобасы қазір дайын. Облыстық энергетика басқармасына ұсынып отырмыз. Алдарыңызда тұрғын нысан ГРЭЦ 18. Қуаттылығы сағатына 50 текша метр. Жалғыз осы Шардара қаласы емес, жақын маңдағы 11 елді мекенді газдандыруға толық қуаты жетеді.

Станциядан шаһардың іргесіне дейін 39 шақырымдық магистральді құбыр тартылған. Қазір қаланың ішімен іргелес жатқан елді мекендерге желі тарту жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы 2023 жылға дейін аудандағы 21 елді мекеннің барлығын толық газбен қамту жоспарлап отыр.  

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы