429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Белгісіз дертке шалдыққан ақтөбелік келіншек ем таба алмай жүр

  • 673
  • UPD: 09:28, 12.02.2020

Белгісіз дертке шалдыққан ақтөбелік тұрғын қоғамнан көмек сұрап отыр. Үш жыл бұрын басы ауырып, ем қабылдаған Татьяна Чаусованың кейін құлағы сырқырап, елордада бірнеше рет операция жасатқан. Алайда бұдан кейін жағдайы жақсара қоймапты. Дендеп енген дерт тамағы мен таңдайын да зақымдаған. Ауруына шипа іздеп, амалы таусылған үш балалы ананың ендігі үміті шетелде ем алу.

Дерті жанына батқан Татьяна Чаусова, кезекті рет кешенді ем қабылдауға дайындалып жүр. Үш жыл бұрын кенеше жабысқан ауру 38 жастағы келіншекке маза бермеген. Осы уақытқа дейін Ақтөбенің екі бірдей ауруханасында жатып, Елордада бірнеше рет операция жасатқан. Алайда денсаулығы жақсара қоймаған.

Валентина Рябчикова, анасы:

- Біз Орынбор, Челябі, Мәскеу қалаларындағы емдеу мекемелерінде де болдық. Бірақ ешкім бізге ем тағайындамады. Себебі нақты диагнозы қойылған жоқ. Күдік туғызған ауру түрлері де расталмады. Туберкулез де, онкология белгілері де анықталмады.  

Талай емдеу мекемелерінде болған Татьяна енді қайдан шипа табарын білмей дал. Ал әлеуметтік желі арқылы оның жағдайын естіген жерлестері қолдан келген көмектерін аяған жоқ. Дегенмен елімізде ем жүргізу тегін болғанымен, көрші Ресейде сырқат түрін анықтау үшін біраз шығындалуға тура келген. Сондықтан несие алған кездері де болыпты. Ал, отбасында анасының аяққа тұруын күтіп отырған үш бала бар.

Әлия Жұмағазина, Т.Чаусованың құрбысы:

- Мұндай жағдайға тап болғанымызға үш жылдан асты. Бұрын дені сау кезде жанұяның жағдайын көбінесе Татьяна көтерген еді. Жұмыс істеп, балаларын тәрбиеледі. Алайда дерті анықталмаған соң қандай ем жүргізу керектігін де білмейміз. Кореяда жақсы жағдай жасалады дегенді естідік. Мүмкін көмегі болар деп үміттенеміз.

Қазір Татьянаның жағдайын ақтөбелік дәрігерлер бақылауға алған. Құлағынан өзге таңдайының да бір бөлігі зақымдалған. Соның салдарынан көз бен мұрын айналасында өзгеріс пайда болған. Денсаулық сақтау басқармасындағылар науқастың сауығып кетуі үшін бар мүмкіндіктің жасалатынын айтады. Бұл бағытта тиісті министрлікпен де байланыс орнатылған.

Әсет Қалиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда жарасы таза, әрі қарай осы дефектті жабу мәселесі, пластика жасау мәселесі Астана, Алматы қаласының орталықтарында жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бірақ науқастың тума-туыстары негізінен Оңтүстік Кореяға барамыз деген үміттерін айтып жүр. Енді оның барлығы заң жүзінде жүзеге асырылуы керек, ондай сұрақтың да шешіліп қалуы мүмкін.

Таяу күндері науқас медицина орталығына жатқызылатын болды. Әзірге жергілікті жерде ем алмақ.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы