376,43 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытайдан тағы 217 қазақстандық эвакуацияланды

  • 142
  • UPD: 10:54, 11.02.2020
Қытайдан тағы 217 қазақстандық эвакуацияланды

Қытай астанасы Бейжіңнен Қазақстанның 217 азаматы эвакуацияланды.

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат.

«Бүгін таңертеңгі 06:05-те Бейжің қаласынан Қазақстанның 217 азаматы жеткізілді. Олардың барлығы қазір арнайы медициналық ұйымға орналастырылып жатыр. Араларында науқас адамдар тіркелген жоқ», - деді Елжан Біртанов.

Еске салайық, кеше, 10 ақпан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан Үкіметі ҚХР аумағындағы және отанына оралуға тілек білдірген қазақстандықтарды эвакуациялауды жалғастыратыны мәлім етілді.

Қазақстандықтардың алғашқы легі Қытай елінен 2 ақпанда жеткізілген болатын: 83 азаматтың 80-і – студенттер.

Ал 5 ақпанда Қазақстанның 8 азаматы Ухань қаласынан Ресей мен Өзбекстанға эвакуацияланды.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің 5 ақпандағы мәліметіне сәйкес, ҚХР аумағында еліміздің 780 азаматы жүр. Оның 559-ы – студенттер. Олардың арасында елге жеткізу туралы өтінішті 427 адам берген, қалғандары сонда қалуға ниет білдірген.

Бүгінде коронавирустың жаңа түрі өршіген Қытайда індетке шалдыққандар саны 43 мыңға жуықтады, 1 мыңнан астам адам көз жұмды. 3996 адам сауығып, ауруханадан шығарылды.

Хабар 24 телеарнасы