376,43 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қордай оқиғасы: 25-тен астам қылмыстық іс қозғалды

  • 153
  • UPD: 21:03, 11.02.2020

Қордай оқиғасына қатысты 25-тен астам қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың дені адам өлтіру және бұзақылықпен байланысты. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады. Бұдан бөлек, Үкімет отырысында Жамбыл облысының жаңа әкімі Бердібек Сапарбаев аймақтағы ахуал жөнінде баяндама жасады.

Бүгінгі жиын әдеттегідей министрлердің есебі емес, Қордайдағы қақтығысқа байланысты құрылған Үкіметтік комиссия төрағасының баяндамасымен басталды. Бердібек Сапарбаев әуелі 5 елді мекеннің тұрғындарымен жүздескенін, қазір аймақтағы ахуалдың тұрақталғанын айтты. Тіпті шекаралас Қырғыз жеріне өткен 9 мыңға жуық адам кері оралыпты. Зардап шеккендер дәрігерге қаралды, өртенген ғимараттар кәсіпкерлер мен құрылыс компанияларының көмегімен қалпына келеді. Бастысы Жамбыл жерінде мұндай жанжалды болдырмау жұмыстары жүріп жатыр деді облыстың жаңа басшысы. 

Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:

– Кеше елді мекендердің белсенді, абыройлы азаматтарымен, ақсақалдарымен кездесіп, олармен сөйлестік. Келешекте осындай жағдайлар қайталанбау үшін.

Жамбыл өңірі – Бердібек Сапарбаев басқарған бесінші облыс. Аймаққа премьер-министрдің орынбасары болып келген еді. Күтпеген жерден әкім атанды. Осыған дейін көп балалы аналардың мәселесін шешумен айналысқан ол енді Қордайдағы жанжалды реттеуге кірісті. Президенттің пәрменімен.     

Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:

– Мемлекет басшысы осындай шешім қабылдағаннан кейін мен оны орындауға міндеттімін. Кезінде министр болсам, қазір әкім болып, Жамбылда орын алған оқиғаларды тезірек жоюға жұмыс істейміз.

Қордай ауданындағы қақтығысқа қатысты 25-тен астам қылмыстық іс қозғалды. Олардың дені бұзақылық, адам өлтіру және бөтеннің мүлкін зақымдаумен байланысты. Ішкі істер министрлігі бірнеше адамның қамауға алынғанын растаса да, олардың саны мен аты-жөнін атамады.

Санжар Әділов, ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы:

– Қазір ведомствоаралық тергеу тобы сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қамауға алынғандар бар. Алайда олар туралы ақпарат жария етуге жатпайды. Қайталаймын, ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстар жасалды. Жүргізіліп жатқан сот-медициналық және сот-криминалистикалық сараптамалар өте көп.

Қазір Қордай ауданында Үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр. Тиісті шаралар аяқталған соң, комиссия мүшелері ұсыныс әзірлеп, оны Үкіметке жолдайды.

Хабар 24 телеарнасы