413,12 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетаудағы жергілікті зауытта мүгедектер арбасы шығарыла бастады

  • 327
  • UPD: 21:24, 11.02.2020

Көкшетауда мүгедектер арбасы шығарыла бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Артықшылығы, өздігінен қозғалып, 30 шақырым қашықтықты тоқтаусыз еңсереді. 

Алғашқы тапсырыс Үкіметтен түскен екен. 1 млрд теңгеден астам қаражатқа енді бұл өндіріс 1375 арба жасап бермек. Мамандардың айтуынша, көкшетаулық өнім шетелдік бәсекелестерінен еш кем түспейді.

Зауыт жұмысшылары қазір еліміздің Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінен келген алғашқы тапсырысты орындауға қызу кіріскен. Бұйыртса, биыл мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан отандық өнімнің игілігін көреді. Өндіріс ошағы басшылығының айтуынша, бұл іске нарықты жан-жақты зерттеп барып кіріскен.

Қайрат Қалманбаев, зауыттың бас директоры:

– Қоларба жинау – өте күрделі жұмыс. Мұнда әртүрлі технологиялар қолданылады. Өзінің ұсталу мерзімі ұзақ болғаннан кейін, кепілдік мерзімі ұзақ болғаннан кейін көп цехтар бұл жұмысқа қатысқан.

Министрліктен келген тапсырыстан бөлек, мұнда жеке тұтынушылардың талап-тілектерін ескере отырып, 5 түрлі қоларба шығару қолға алынбақ. Ал олардың барлығы автоматтандырылған болады. Яғни бәріне электрлі қозғалтқыш қойылады. Ал аккумулятордың бір реттік қуаты шамамен 30 шақырымға жетеді. Жалпы Ақмола облысының өзінде қазір 500-ден астам адам осындай арбаларға мұқтаж.

Алтын Акбарова, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары:

– Биыл бізге республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлініп, оған 1 мыңнан астам қоларба сатып аламыз. Бұл біздің облысқа артығымен жетеді. Себебі жыл соңына қарай да жаңа сұраныстар пайда болуы мүмкін.

Ал көкшетаулық қоларбаның құны қазір 850 мың теңге шамасында. Бұл импорттық өнімдерден екі есе арзан дейді мұндағылар. Ал алғашқы сынақ үшін жасалған екі арбаны кәсіпорын, былтыр мүмкіндігі шектеулі жандарға сыйға тартқан болатын. Міне биыл жаңасын жасау барысында солардың ұсыныстары ескеріледі.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы