425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысындағы абайлық азаматтар жастарға спортзал ашып берді

  • 613
  • UPD: 21:53, 11.02.2020

Абай ауылының балалары енді өз спорт ғимаратында жаттығады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл Алматы облысындағы осы елді мекен тұрғындарының өскелең ұрпаққа жасаған сыйы.

Ауылда өсіп-өнген азаматтар бірігіп, қаңырап бос тұрған ескі мектепті күрделі жөндеуден өткізген. Сөйтіп жаңарған нысанды спорт зал етіп мемлекет меншігіне берген.

6 жасар Әлихан Қанапия – ауылдағы ең жас спортшы. Оның қазақ күресімен шұғылданғанына бір жылдан асқан. Болашағынан зор үміт күттіретін балуан бірнеше жарыста топ жарды. 

Әлихан Қанапия, оқушы:

– Үш жарысқа бардым. Үшінші, екінші, бірінші орын алдым. Болашақта әлем чемпионы болғым келеді.

Дастан Жазықбай – қол күресінен спорт шеберіне үміткер. Білекті жігіт енді биік белестерді бағындыратынына сенімді. Өйткені жаңадан ашылған спорт залда жаттығуға қажет қондырғылардың бәрі бар.   

Дастан Жазықбай, қол күресінен спорт шеберіне үміткер:

– Қолайсыз болды. Ол кезде маталарды жинап, шұғылданатын құрал саймандарды қойып жаттығып жүргенбіз. Ол біткен соң бұларды жинап, волейбол үйірмесіне барып жүрдік. Қазір әрқайсысы өз орнымен.

Қуаныш Қадырбаев, қол күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Мектепте болғанда спорттық құралдарды кіргізуге болмайтын. Сондықтан балалар аз болатын. Қазір спорт кешені ашылып жақсы болды. Спорттық құралдарымыз ішінде. Бәрі бар.

Бұрындары бұл ғимаратта бастауыш сынып оқушылары оқыған.

Жаңа мектеп салынғанан кейін бос қалыпты. 15 жылдай бекер тұрған нысанды ауыл азаматтары қалпына келтіріп, спортзал етті. Қазір оған жастар ғана емес, ересектер де көптеп келеді. Шахмат, дойбы, үстел теннисінен сынға түсіп, бір мезет бой сергітеді. 

Бекен Жаматаев, кәсіпкер:

– Жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді. Бұл бүкіл азаматтардың еңбегімен салынған дүние. Бәрінің қосқан үлесі бар. Алдағы уақытта шағын футбол алаңдарын салсақ, мешіттің жанынан хатымхана салсақ деген ойымыз бар.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асқалы Сарқан ауданында оншақты спорттық нысан бой көтерді. Сала мамандары осы үрдіс биыл да жалғасып, үш ауылда жаңа ойын алаңы ашылады деп отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы