417,99 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде қар тазаламаған мекемелерге айыппұл салынды

  • 401
  • UPD: 22:59, 11.02.2020

Ақтөбеде қарды уақытылы тазаламаған коммуналдық мекемелерге айыппұл салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаланың қызмет көрсетуші кәсіпорындары енді 1 миллион 400 мың теңге төлеуі тиіс. Қақаған қыста жолдар қардан аршылмаған соң өңірдегі кейбір аудандармен бірнеше тәулікке дейін байланыс үзілген.

112 абонентінен күнделікті жетіп отырған ескерту хаттарына қарамастан, жолаушылап кететін азаматтар саны толастамайды. Халықаралық бағытта жолға шыққан қоғамдық көліктер тағы бар. Соңғы бір ай ішінде төтенше жағдайлар департаменті мен полицейлер күнделікті құтқару операцияларын жүргізіп келеді. Қыстың қытымыр мінезімен қатар олардың жұмысына коммуналдық мекемелердің де сылбыр қимылдауы да кедергі көрінеді.

Еркін Өтеген, облыстық полиция департаментінің бөлім басшысы:

– Қыс қатты болып тұр. Қар да өте көп. Сол себепті уақытында тазаланбағасын, жол-көлік оқиғаларына әкеліп соғуда. Басқа да жолдарды кедергісіз өтуге кері әсерін тигізуде.

Алысқа жолаушылап шыққандарды айтпағанда, облыс орталығында байланысты қамтамасыз ететін қоғамдық көліктер де біраз қиындықтарға душар болды. Автобус қозғалысының кестесі бұзылып, қала маңындағы ауылдардың ішіне тіпті кіре де алмай қалған. Қазір жол күртік қардан аршылғанымен, бетіндегі мұздақтар әлі күнге дейін қауіп тудырып отыр.

Ақарыс Тілеулесов, жолаушылар тасымалдаушы компаниясының директоры:

– Автобустың жүру уақытына кедергі келтіреді, екі автобустың интервалын ұстауға. Күнде автобус сынады, енді қолдан келгенше уақытылы істеп жатырмыз.

Тазалық жұмыстарына дер кезінде кіріспеген коммуналдық мекемелерге тәртіп сақшылары ескерту жасап, артынша айыппұл да салған. Қазір 42 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мердігерлер 1 миллион 400 мың теңге төлеуі тиіс. Полицейлер мұндай әкімшілік ықпалдан кейін коммуналдық қызметтердің өз міндетіне мінсіз қарап, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бірлесе еңбек атқаратынына сенімді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы