437,98 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан жүргізуші куәлігін алды

  • 203
  • UPD: 23:28, 11.02.2020

Атырауда бірінші топтағы мүгедек Кеңгес Қониев жүргізуші куәлігін алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

15 жылдан бері арбаға таңылған жігіт енді темір тұлпар тізгіндейді. Оның қол қусырып отыра бермей, талап қылып әрекет етейін деген ойын қош көрген мамандар емтихан қабылдап, жүргізуші куәлігін берді.

Әдетте арбаға таңылған адамға тұрмыста кедергі жетерлік. Оны жігерлі жан ғана жеңе алады. 15 жыл бұрын құрылыста құлап, екі аяғы сал болып қалған Кеңгес Қониев – сондай жанның бірі. Бұған дейін параспортта үстел теннисін тез меңгерген жігіт енді автокөлікті басқаруға бел буған. 

Кеңгес Қониев, 1-топ мүгедегі:

– Өте қиыншылығы жоқ. Барлығы қолға орнатылған. Арбаға таңылып қалған соң қолмен басқаратын көлік керек. Сол үшін осында келіп, куәлік алып жатырмын.

Мамандандырылған орталық қызметкерлері Кеңгестің талабын құп көргенімен, бастапқыда сене алмағандарын айтады. Алайда ол барлық емтиханды сәтті тапсырып, темір тұлпармен зырғытып жүр.

Нұрлыбек Бақтығалиұлы, «Азаматтарға арналған үкімет» МК облыстық филиалының баспасөз хатшысы:

– Теориялық тұрғыдан Кеңгес бұған дейін екі мәрте келіп, екеуінде де өте алмай қалған еді. Үшіншісінде белгіленген 40 сұрақтың 33-іне жауап беру арқылы емтиханнан өтіп отыр. Ал практикалық емтиханнан алғашқы мүмкіндіктің өзінде-ақ өтіп кетті.

Жалпы Кеңгес секілді арбаға таңылған азаматтар баршылық. Олар да қоғамның белді мүшесі ретінде өмір сүруге құқылы екені даусыз. Алайда Атырауда осындай жандарды оқытатын арнайы жабдықталған автокөлік жоқ екен. Ал жалғыз машина арнайы мамандандырылыған орталықтың иелігінде. Осыны автомектептер ескерсе екен дейді Кеңгес.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы