435,87 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда тұрғындары ай сайынғы ПИК төлемінен бөлек қорға ақша төлеп келген

  • 185
  • UPD: 23:49, 12.02.2020

Елордадағы көп қабатты үйдің тұрғындары коммуналдық қызмет сапасына наразы. Жұртшылық пәтер иелері кооперативіне ай сайынғы төлемнен бөлек, жинақтаушы қорға да қаржы аударып келген. Алайда бұл ақшаның қайда және қалай жұмсалғанынан жұртшылық бейхабар.

«Радуга» тұрғын үй кешені сырттай қарағанда жап-жаңа көрінеді. Алайда ішіне енсеңіз, едені үгіліп, қабырғаларының сыры кете бастағаны бірден байқалады. Тұрғындар осыған наразы. 

Рауан Нұрбеков, «Радуга» үйінің тұрғыны:

- Накопитель жинайды 53 теңгеден шаршы метріне, әр үйден, әр квартирадан. Сосын 40 теңге КСК-ның өзінің несі бар. Ешқандай подъезге ремонт жасалмайды. Мына подъездердің қабырғалары жарылып жатыр, тышқанға дейін бар. Тұрғындардың бәрі шуылдап жүр. КСК төрағасы халықпен де үймен де ешқандай жұмыс істемейді. 

Ақмарал Қожамқұлова, «Радуга» үйінің тұрғыны: 

- Біз ылғи сұраймыз ғой расходтарды. Қайда кетті ақша, неге жаратылды дегенде ол кісі ешқандай жауап бермейді бізге. Құжаттарды көрсетпейді, актілерді көрсетіңіз деп қанша рет айттым мен өзім финанс жағынан болған соң. Ешқандай документтерді көрсетпейді. Не істеп не қойып жатқанын білмейміз. 

Ал мынау сол тұрғын үй кешенінде орналасқан  ойын орталығы. 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Алайда соңғы кезде шатырдан өткен су меншік иелерінің кәсібіне кесірін тигізген. 

Нариман Әмірбеков, меншік иесі:

-  Пәтер иелерінің коперативіне бірнеше рет хабарластық. Бір рет жөндеу жүргізді. Бірақ нәтиже жоқ. Күн жылыса болды төбеден су ағады. Жауапты мекеме тарапынан ешқандай әрекет болмағандықтан біз де қызмет ақысын төлемей қойдық. 

Енді үйді қалыпты жағдайда ұстау үшін тұрғындар арасында бастамашы топ құрылған. Олар пәтер иелері кооперативі төрағасынан бүгінге дейін атқарылған іс пен жинақтаушы қордағы қаржының қайда жұмсалғанын сұрапты. Алайда есеп ала алмаған. 

Геннадий Новосельцев, «Радуга» үйінің тұрғыны:

- 2016 жылы жинақтаушы қор құрылды. Коммуналдық қызмет ақысынан бөлек оған ай сайын ақша төлеп келдік. Бірақ өткен жылы пәтер иелері коперативінің төрағасы ол қорда ақша жоқ екенін айтып, үйге күрделі жөндеу жүргізу үшін 85 миллион теңге несие алу керектігін айтты. Ал қордағы қаржының қайда жұмсалғаны туралы ешқандай есеп жоқ. Әу баста ол қаржының арнайы есепшотта сақталатынын, қажет кезде тұрғындардың жалпы жиналысының қорытындысы бойынша алынатынын айтқан. Шын мәнінде шетінен жаратып отырған. 

Енді мәселенің екінші жағына көшейік. Пәтер иелері коперативінің төрағасы тұрғындардың шағымынан хабардар. Бірақ қаржыны жымқырды, жөндеу жүргізбеді дегенге келіспейді. Жұмсалған әрбір тиынның есебі бар дейді. Бұл туралы құжаттар е-кск жүйесіне енгізілген. 

Ғазиз Тасмағанбетов, пәтер иелері кооперативінің төрағасы:

- Тұрғындардың талабын жақсы білемін. Тіпті олар менің қызметімде заңсыздықтар бар екенін айтып, Есіл аудандық сотына шағым түсірді. 31 қазан және 22 қаңтар күндері сот отырысы болып, олардың шағымы қанағаттандырылмады. Сот менің заңды жұмыс істеп жатқанымды растады. Тұрғындардың пайдалану шығындарына төлеген 40 теңгесі жұмысшылардың жалақысына, салыққа, автоматтық құрылғыларды ауыстыруға, жуғыш сұйықтықтарға және кеңсе заттарын алуға жұмсалады. Ал жөндеу, құрылыс материалдары, және де өзге де бөлшектерді алуға жинақтаушы қордан алынады. 

Жинақтаушы қорға ай сайын 1 миллион теңгедей түседі. Басқарушы компанияның осы  қаржыны алып, үйдің қажетіне жаратуына бастамашы топ рұқсат беріп отырған.  Сондықтан тұрғындардың қаржымыз желге ұшып, жоқ болып кетті деуі негізсіз дейді кешен тұрғындары сайлаған бастамашы топтың мүшесі. 

Сергей Малюков,  «Радуга» кешенінің тұрғыны, бастамашы топтың мүшесі:

- Тұрғындардың жалпы жиналысында жинақтаушы қордағы қаржыны ұзақ сақтамауға келіскенбіз. Яғни екі-үш айда жаратып отырамыз. Ол үшін басқарушы компания төрағасы үйде жөндеу немесе ауыстырылуы тиіс жерлерді анықтап қажетті жұмысқа қажетті қаржыны көрсетеді. Тұрғындар атынан сөйлейтін бастамашы топ оны мақұлдағаннан кейін ғана қаржыны ала алады. Біз осылай жұмыс істеп келдік. 

Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы тұрғындардың өтініші бойынша былтыр «Радуга» тұрғын үй кешенінде екі тексеру жүргізді. Алғашқысының нәтижесінде бірнеше заңбұзушылық анықталып, басқарушы компанияға 75 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған. 

Ернар Қиябаев, Есіл ауданы бойынша инспекция бөлімінің бас маманы:

- Екінші тексеру бойынша, желтоқсан айында өткен материалдары сотқа дайындалып жатыр. Ол жерде тек қана пәтер иелері кооперативінің төрағаларының сайлануы және басшыларының сайлануы. Жарлығы бойынша онда 3 жыл сайын тағайындау керек. Бірақ ол бізге 2012 жылғы қағаздарды көрсетеді, сауалнамаларымен. Сәйкесінше ол хаттама болмағандықтан ол материалдарды сотқа жіберуге дайындап жатырмыз. 

Гүлмира Құсайынова, заңгер:

- 2019 жылдың бірінші тамызында сот шешімімен қос тарап мәмілеге келген болатын. Оған сәйкес пәтер иелері кооперативінің төрағасы 30 күн ішінде жинақтаушы қордағы қаржының қайда жұмсалғаны туралы, қызмет көрсетуші компаниялармен келісімшарттарды көрсетуі тиіс болатын. Алайда бұл талапты орындамады. Тұрғындар төрағаның шығындарға қатысты барлық құжаттарын көрсетуін талап етіп, сотқа тағы шағым түсірді. 

Дауға байланысты Астана ЕРЦ өткен жылдың желтоқсан айында «Радуга» тұрғын үй кешеніне коммуналдық қызмет көрсететін басқарушы компанияның есеп-шотын жауып тастады. Әзірге қос тарап та алған бетінен қайтар емес. Енді істің анық қанығы сотта анықталмақ. 

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Ербол Дайыров, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы