423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда жеке меншікке берілген балабақшалар мемлекетке қайтып алынды

  • 534
  • UPD: 20:21, 12.02.2020

Петропавлда сенімді басқаруға берілген балабақшалар мемлекеттің меншігіне қайтарылды. Білесіз, осыдан біраз бұрын қаладағы кей балабақша жекенің қолына өтіп, қоғамда шу шыққан еді. Біреуі қазақ тобын жапқан соң, мәселе тіптен ушыққан. Іске облыс әкімінің өзі араласып, кесімді шешім қабылдады.

Петропавлда былтыр «Балдаурен», «Ақ бота», «Ивушка» балабақшалары сенімді басқаруға берілді. Оның біреуінде қазақ тобы жабылып, арнамызға ата - аналар хабарласты. Бәрі осыдан басталды. 

Ақнұр Ақжанова, қала тұрғыны:

- Енді бізге айтады немесе сіздер орыс тобында қаласыздар, орыс тобында 5 орыс тобы. Оның біреуі коррекциялық. Яғни 4 орыс тобы 20 баладан. Соларды біз 25 қыламыз. Яғни біздің балаларымыздың арқасында. Біз айттық, сол орыс топтарын 25 балаға қосып, біздің балаларды сол 14-ін бір топқа қосайық десек, онда айтады олардың ата-анасы у-шу шығарады. Сонда біз қайда қаламыз? Біз балаларымызды қазақша оқытқымыз келеді. 

Бұл сөзді жауаптылар «қазақ тобы жабылмайды» деп жоққа шығарды. Қалалық білім бөлімінің басшысы Сара Рамазанова: «балабақшалар бюджетке салмақ түсіреді» деп түсіндірді. 

Сара Рамазанова, қалалық білім бөлімінің басшысы:

- Бұл балабақшалар толық кәсіпкердің қамқорлығында болады. Келісім-шарт бойынша олар ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге міндеттеледі. 

Бұл мәселе қоғамда қызу талқыланды. Әлеуметтік желіде қаладағы «жақсы» деген балабақшалардың берілуі түсінбеушілік туғызды. Мысалы, «Балдәурен» 2008, ал «Ақ бота» 2010-ыншы жылы ашылған. Кәсіпкерлер мен шенеуніктер мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырамыз деп жүргенде ата-аналарды ұмытып кеткен сияқты. Олармен ешкім де кеңеспепті. 

Владимир Ткаченко, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Жоқ, ата-аналармен талқыланбады. Бұл біздің қателігіміз шығар. Барлығы заң жүзінде істелді. Бірінші рет болғасын ба кемшіліктер болды. 

Белгілі болғандай, бұл балабақшалар не қалалық мәслихатта, не қоғамдық кеңесте талқыланбаған. Білім басқармасы оларды сенімді басқаруға беру кезінде Ұлттық экономика Минситрінің тәртібіне сүйенген. «Бұл барып тұрған бассыздық» дейді заңгер әрі депутат Павел Афанасьев. Оның айтуынша, заңның күші қашанда жоғары.

Павел Афанасьев, қалалық мәслихат депутаты, заңгер:

- Менің ойымша, байқаудың депутаттардың мақұлдауына дейін өтуі дұрыс емес. Яғни тендердің шешімі тамыз айында белгілі болған. Ал мемлекеттік-жекеменшік әріптестігінің нысандары қазанда бекітілді. Депутаттар оны қабылдаумауы да мүмкін еді. Бұл жерде білім басқармасы өзінің уәкілдің құқығын асыра пайдаланған. 

Қаңтарда келісім-шартқа қол қойылып, кәсіпкерге бюджеттен 218 млн теңге бөлінді. Әлеуметтік желіде балабақшаларды иелігіне алған құрылтайшы білім бөлімінің басшысы Сара Рамазанованың жолдасы деген ақпарат тарады. Бұл жайт қоғамның наразылығын тудырды. Бір ай тоқтайсыз талқыланған тақырыпқа облыс әкімі Құмар Ақсақалов нүкте қойды. Ол балабақшаларды қайтарып алу жөнінде шешім шығарды.

Гүлмира Кәрімова, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Осы жеке балақшалар бойынша біздің шартымыз бұзылды. Бұзылды. Олар қайтадан мемлекеттік балабақша негізінде болады. Бұған дейін бір де тәрбиеші жұмыстан шығарылған жоқ. Шығарылған жоқ. Жаңағы балалардың саны да өзгерген жоқ. 

Балабақшаларды сенімді басқаруға беру барысынан прокурорлар да заңсыздықтар анықтады. Қазір бұл туралы облыстық әкімдікке қадағалау актісі жіберілді. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бірақ дау осымен бітпейтін сияқты. Қалалық білім бөлімінің басшысы Сара Рамазанова әлеуметтік желіде жазылған пікір үшін жергілікті журналист Фархат Тастамбековты сотқа берді. Әзірге, жауап беріп жатқан ол ғана. Бұл іс те қоғамның жіті назарында болады. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы